Бүгін ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Астана қаласының №9 емханасында тұмауға қарсы вакцина салдырды. Осылайша, еліміздің бас санитар дәрігері екпе науқанын бастады деп жазады Baq.kz
Жандарбек Бекшин Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасын салғызды.
«Жыл сайын тұмауға қарсы вакциналар штаммы жаңарып отырады. 2018-2019 жж. эпидмаусымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша елімізде қолданылатын үшвалентті вакцинаның құрамында тұмаудың үш штаммы болады. Олар – Мичиган, Сингапур мен Колорадо штамдары. Ал мен салғызған екпе үш штамға да қарсы əрекет етеді», – деді Бекшин.
Оның айтуынша, 2018 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 1.5 млн дозасы 1 млрд 200 млн теңгеге сатып алынды. Бұл вакцина биыл кездесетін штамдарға қарсы əрекет ететін болады. Одан басқа Қазақстанда 3 өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 вакцинасы тіркелген. Бұл «Ваксигрип», «Ваксигрип Тетра» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланды) жəне тұмауға қарсы вакцина (Қытай).
«Біз биыл ел бойынша жаппай егу шарасын 1 қазанда бастаймыз. Ал кейбір өңірлер одан да ерте бастауы мүмкін. Қазіргі таңда барлық облысқа вакцина жеткізілді. Вакцинациялау маусымы қараша, қажет болса, желтоқсанға дейін созылуы мүмкін. Осы уақытта қазақстандықтардың 10 пайызы тегін вакцинацияланады. Егу халықтың ең «қауіпті» топтарынан басталады. Яғни, біріншіден, жиі ауыратын, созылмалы, жүрек, өкпе, тыныс жолдары дертіне шалдыққан балаларға саламыз. Одан кейін медицина қызметкерлеріне жəне əлеуметтік мекемеде (балалар ұйымдары, мүгедектер үйі) тұратын адамдарға тегін жасаймыз», – деді Жандарбек Бекшин.
Маманның айтуынша, тұмаудың алдын алу мақсатында əрбір адам қалауы бойынша ақылы түрде екпе жасата алады. Егу жекеменшік вакцинациялау орталықтарында, тұрғылықты жері бойынша егу кабинеттерінде жүргізіледі. Вакцинация жасайтын медициналық мекемелердің мекенжайлары тұрғылықты жері бойынша аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің жəне денсаулық сақтау басқармаларының сайттарында орналастырылады. Əртүрлі өңірдегі ақылы егу кабинеттерінде тұмауға қарсы вакцинаның құны 1600-3500 теңге аралығында құбылады.
Сөз соңында Жандарбек Бекшин елімізде жыл сайын 500 мыңнан 1 миллионға дейін жіті респираторлық инфекция жағдайы тіркелетінін еске салды.