Бүгінде соттарға ломбардтардың заңсыз комиссияларына қатысты арыз-шағымдар көптеп түсуде деп xабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Жоғарғы сот судьясы Ақылтай Касимовтың айтуынша, бүгінде ломбардтар жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып ашылады да, банктер сияқты несие беріп отырады.
«Ал олардың проценттері 500-600-ге, тіпті 900-ге дейін барады дейді. Өкінішке қарай, ондай ұйымдардың қызметі заңмен реттелмеген. Халық несиені не үшін алады? Себебі ақшасы жоқ. Ал ондай проценттерге неге келіседі? Өйткені басқа амалы жоқ. Банкке барсаң да сол. Келісімшарттарда бәрін жасырып қояды. Ақшаны алғаннан кейін қарызды өмір бақи төлеуге мәжбүр боласың», - деді А.Касимов «Атамекен» ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, кеңестің бүгінгі отырысында кәсіпкерлер арасындағы келісімшарттарды орындау мәселесі қаралды. Бүгінде «Атамекен» палатасына түсетін арыздар ішінде бизнесмендер арасындағы дауларға қатысты шағымдар аз емес. Олар бір-біріне ақша төлемейді. Тіпті, серіктестік келісімін рәсімдесе де, алаяқтық жолмен әріптестің мүлкін ұрлау фактілері де бар. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің келісімшарт міндеттерін орындай алмауына мемлекеттік органдар да кінәлі. Олар ақшаны уақытында бермейді. Содан бизнесмендер өз әріптестеріне ақшаны төлей алмай жүреді.
«Мәселен, бизнесмен тендерді ұтып алады. Ал мемлекеттік орган оған ақшаны төлемей қойды. Содан бүкіл тізбек кете береді. Кәсіпкер өз әріптесіне ақша бере алмайды. Солай ары қарай кетеді», - дейді Б.Палымбетов.
Осы орайда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов маңызды бір мәселені еске салды.
«Бізде мемлекеттік органдардың бірінші басшысы ауысса, бірден барлық келісімшарттар жойылады. Әкім, министр болсын, келісімшарттарды бірден бұза салады. Өте қызықты үрдіс...», - дейді Р.Жүрсінов.
Жиында банктердің заңсыз комиссиялары да сөз болды.