$ 490.84  536.88  5.04

Полиция көлікті қандай жағдайда тоқтата алады?

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев полиция автокөліктерді қандай жағдайларда тоқтата алатындығын түсіндірді деп жазады ҚазАқпарат.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Владимир Волков полицейлер жедел іздестіру шараларын желеу етіп, көліктерді тоқтататынын, алайда қандай шаралар жүріп жатқанын түсіндірмейтінін және тиісті бұйрық көрсетілмейтінін сөз етті.

«Заңға сәйкес, жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне көліктерді себепсіз тоқтатуға тыйым салынған. Атап айтқанда, жедел профилактикалық шаралар кезінде ғана тоқтатады және біз ол жайында БАҚ-та алдын ала хабарлаймыз. Сонымен қатар, түрмеден қашқандарды іздестіру бойынша шаралар жүргізілгенде тексеріледі. Басқа жағдайларда біздің қызметкерлер көліктерді тоқтатуға құқылы емес. Сондықтан, полицейлер тек жол ережесі бұзылған жағдайда ғана заңды іс-қимылдар жасай алады», - деді министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілері орын алған кезде, ведомство жария емес шараларды өткізеді. Осы орайда министрлік өкілдері қызметтік емес көліктермен бекеттерді аралап, жұмыс режімін тексереді.

«Өте қатаң шараларды қабылдап жатырмыз. Командирлерді де, өзге де қызметкерлерді лауазымынан босатудамыз. Алдағы уақытта да осы қадамдарды қатаң ұстанамыз», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бұдан бөлек, ол жедел профилактикалық шаралар тұтас ел аумағында жүргізілмейтінін еске салды.

«Шынымен де, біз сот орындаушыларымен бірге айппұлдарды өтеу бойынша рейдтік шараларды ұйымдастырамыз. Бірақ ол жедел профилактикалық шаралар туралы БАҚ-та хабарлаймыз және осы іс-қимылдар өңірлерде шектеулі түрде өткізіледі. Яғни тұтас республикада жүргізілмейді», - деп түйді министрдің орынбасары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары