$ 481.84  531.33  5.07

«Өз ұлым деп ойладым»: Сүйіктісіне алданған жігіт өз оқиғасымен бөлісті

Астана тұрғыны сүйіктісінің аяғы ауыр болып қалып, жоспарлағанынан ерте отбасын құрған. Алайда, азамат бойжеткенмен жыныстық қатынасқа түсерде үнемі сақтанып жүргендіктен баланың шынымен өзінікі екеніне күмәнмен қарады. Ер адамның бұл күдігіне сүйіктісі жылап, ондай жағдайда да жүкті болып қалу мүмкіндігі бар екеніне сендірген деп жазады NUR.KZ.

«Негізі ерте үйлендім. Кейінірек отбасын құрмақ болған ойымды сүйіктімнің жүкті болып қалғаны өзгертті. Біздің төсектес боларымызда мен сақтанғанымды жақсы білемін. Бірақ ол маған түрлі жағдайда екі қабат болып қалу мүмкін екенін айтып сендірді. Солайша біз отбасын құрдық», - деп бастады ер адам.

Көп күттірмей ерлі-зайыптылар ұлды болды. Азамат бастапқыда күдіктенгенімен баласына қатты бауыр басып, барлық күмәндерін ұмытқан. Алайда, сәбилі болғаннан кейін өзіне үйленуге көндірген келіншек күрт өзгере шыққан.

«Ұлымыз дүниеге келген соң, ол қатты өзгеріп кетті. Титтей нәрседен жанжал шығарып, тура өзі себеп іздеп ұрысқандай көрінді. Бір күні енем үйге келгенде, ол тағы да өз айқайына басып, еш себепсіз менімен ұрысты. Мен оны қаншалықты сүйсем де ашуға бой алдырып, оны сәл итеріп жібердім» , - деді азамат.

Осы оқиғадан кейін, әйел адам күйеуін тастап онымен ажырасуға бекінген.

«Ол жерде дереу ажырасып кететіндей нәрсе болған жоқ. Ол бір өзі осылай болғанын күтіп жүргендей болды. Өз мақсатына жеткісі келген сияқты көрінді», - деп ағынан жарылды ол.

Ақыр-соңы ерлі-зайыптылар ажырасып тынған. Ер адам әйелін төрт жылдай әлі де қайта қосылуға көндіруге тырысты. Бірақ, келіншек мүлде қарсы болған. Араға тағы бес жыл тастап, ол екінші рет тұрмысқа шығып алды.

«12 жыл бойы мен ұлым үшін алимент төлеп келдім. Бұрынғы әйелім мен енем менен үнемі ақша талап етіп отырды. Бір-екі күнге кешіктірсем жандары шығып кете жаздайтын» , - деді ер адам.

Уақыт өте келе, Астана тұрғыны ұлы деп жүрген баланың сүйіктісінің оған дейінгі болған ғашығына ұқсап келе жатқанын аңғарған. Ол бірден арнайы емханаға жүгініп, ДНК тестін де жасатты. Нәтижесінде сараптама көрсеткіші ер адамның баланың әкесі емес екенін расталған.

«Мен үшін бұл ауыр соққы болды. Мұны біле сала, сүйіктіме хабарласқанымда ол сабырлы түрде әйтеуір дегенде білдің ғой деп айтты», - деді азамат.

Болған жағдайдан кейін ол сараптама негізінде әкеліктен бас тартуға бекініп, бұрынғы әйелінің үстінен арыз түсірген. Сот отырысына келмей қойғанымен, әйел адам өзіне тағылған айыппен толықтай келіскен.

«Ол жүктілігінің бірінші күнінен бастап-ақ білді баланың әкесі мен емес екенімді. Өз отбасын ұятқа қалдырғысы келмей, менің өмірімді ойраңдап кетті. Бұл әділетті ме? Менің өмірімнің тас-талқанын шығарды. Ұзақ уақыт бойы ұлым деп келген баланың өз қаның емес екенін білу ауыр соққы болды.

Тым болмағанда ажырасып кеткенде айтса болатын еді ғой. Бұл құпияны оның анасы да білген. Мен 12 жыл бойы алимент төлеп жүрген кезімде олар анасы екеуі пәтер сатып үлгерді», - деп ашынды ер азамат.

«Менің бұл оқиғам басқаларға сабақ болсын деймін. Мен бұл соққыға шыдап бақтым. Бірақ әлсіздеу жігіттер де бар ғой. Біреу ішіп кетсе, бірі өзіне қол салып та жатады. Сол себептен, ер азаматтарға осындай алаяқтық түрінен сақ болуға шақырамын» , - деп қорытындылады ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары