Сәлем салу «ширк» пе? Осы бір дәстүрді әсіредіншілдер «Аллаға серік қосудың» деп жүр. Ал енді біреулер келіннің ата-енесіне құрметін тек сәлем салумен ғана өлшеу қате деген түсінікте. Осы бір дәстүрге қатысты қоғамда неше түрлі пікір айтылып жүр. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Бағзыдан бері келіннің сәлем салып, қайын жұртына көрсетіп келген құрметі бүгінде осындай келемежделіп, күлкіге айналуда. Жастар атадан мұра болып қалған дәстүрді осылайша қылжаққа салса, кейбір әсіредіншілдер мұны «Аллаға серік қосу» деп ұғынып жүр.
Бүгінде бір әулеттің ұйытқысы болып отырған Роза Досмаилованың әжейдің 4 келіні бар. Оңтүстіктің тәрбиесімен өскен ол атадан келе жатқан салт-дәстүрдің бұлжытпай орындалуына үлкен мән береді. Шаңырағының шырайын ашып, көркін келтірген төрт келіні де күн сайын иіліп сәлем салады екен.
«Сәлем салу үлкен кісілерге құрмет, әрбір келінге отбасыға жақсылық тілеу. Қазақтың салт дәстүрі. Менің келіндерім таңертең тұрған кезде сәлем жасайды. Ол сәлем салғанда түк жоқ. Бақытты бол. Қосағыңмен қос ағар. Жасын ұзақ болсын! деген тілек айтамыз. Менің төрт келінім бар, бәрі де сәлем салады» – дейді қала тұрғыны Роза Досмаилова Еуразия бірінші арнасына берген сұхбатында.
Төрт жыл келін болып жүрген Маржан да енесінің айтқаның толықтай құптайды. Осы шаңырақтың табалдырығын аттаған сәттен бері сәлемсіз күні болмаған.
Өзім келін болып түскелі ата-енемнен бастап, барлық үйдің әулеттің үлкендерінің аға-әпкелеріме бәріне иіліп сәлем саламын. Ылғида ақ батасын алып жүрмін» – дейді қала тұрғыны Маржан Әміртай.
Десе де, бұл дәстүрге шекеден қарайтындар да жоқ емес. Мәселен, солтүстік өңірге келін болып түскен Анар Кешубаеваның пайымынша, сәлем салу қатып қалған міндет емес. Ең бастысы, келін ата-енесін сыйласа болғаны. Ал таңның атысынан күннің батысына дейін иіліп сәлем салудың еш қажеті жоқ.
«Адамның өзіне байланысты. Ниеті дұрыс болса, ата-анасын сыйлап тұрса сәлемсіз де өзі сыйлайды. Өзіміз сәлем салмаймыз. Әр күні сәлем салмайды. Білмеймін да, ол маңызды емес» – дейді қала тұрғыны Анар Кешубаева.
Әлеуметтік желіге кірсең болды, сәлем салу «харам», «ширк» деген пайымдардан көз сүрінеді. Мамандардың пайымынша, мұндай пікірді көбіне жат ағымның жетегінде кеткен әсіредіншілдер ұстануда. Ал, дінтанушылар ата-бабадан қалған салт-жоралғыға қатысты бүй дейді.
«Ешбір ғалым, ешбір хадисте, ешбір аятта әйел адамның, қыз баланың сәлем салуы шірк деген жер жоқ. Өйткені, бұл жердегі қазақтың сәлем салуының астарында инабаттылық жатыр, кішіпейілділік жатыр, құрмет жатыр деп айта аламыз. Бұл біздің салт-дәстүріміз. Қазаққа біткен бірақ бұның шариғатқа ешбір томпақтық жері жоқ» – дейді ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы.
Осылайша, ұлттық болмысызды айшықтап, үлкенге құрмет білдіретін сәлем салуға қатысты дау-дамай әлі де толастар емес. Ал, біс тілдескен мамандардың барлығы дерлік мұны тересікке шығару сауатсыздықпен тең дейді.