09.10.2018, 06:17

Жәнібек Әлімханұлы 11 жыл түрмеде отырған америкалық Вон Александермен жекпе-жекке шығады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегінде шаршы алаңда 12 айқас өткізіп үлгерген америкалық Вон Александермен кездеседі деп жазады Stan.kz.

BoxRec.com ақпараты бойынша, Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы америкалық Вон Александер (12-1, 8 КО) болмақ. Айқас Эль-Пасода (Техас, АҚШ) өтеді.

Америкалық туралы ақпаратты іздестіре келе қызықты мәліметті кездестірдік. Белгілі болғандай «The Animal» атағымен белгілі америкалық боксшы 2004 жылы айтарлықтай табысты келе жатқан спортшылардың бірі болған. Алайда сол жылы қарулы шабуылға қатысқаны үшін түрмеге түсіп қалған. Тек 2015 жылы түрмеден босап шыққан ол 2015 жылдан бері алты бірдей жеңісті жекпе-жек өткізген.

Бір қызығы, осы жылдың басында дәл осы Вон Александер Геннадий Головкинмен айқасқысы келетінін жария еткен. Жастық шағын түрмеге берген спортшы боксты сағынғанын, «жеңіске аш екенін» айтып өткен. Вон Александердың жасы 32-де. АҚШ-тың Миссури штатының Сент-Луис қаласының тумасы. Осыған дейін 12 кездесу өткізіп, 8-ін уақытынан бұрын аяқтаған. Бір мәрте жеңілген.