$ 494.87  520.65  4.91

«Махаббат нәсілге бөлінбейді»: Қазақ қызы АҚШ-тағы отбасы жайлы айтты (ФОТО)

Осыдан 8 жыл бұрын «Work and Travel» бағдарламасымен мұхит асып жұмыс істеуге кеткен қазақ қызы Жансая Диксон өмірлік серігін АҚШ-тан кезіктіріп, шетелдіктен 3 перзент сүйіп отыр деп жазады NUR.KZ.

Жансая Қазақстаннан кеткенде небәрі 22 жаста болған.

«Сауда орталығына жұмысқа орналастым. Біраз уақыттан кейін менің болашақ күйеуім де осы жерде өз кәсібін ашты. Сыртымыздан бір-бірімізге көз салып жүрдік. Кейін танысып, жақсы араласып кеттік», - деген ол жұбайымен осыдан 6 жыл бұрын шаңырақ көтергенін айтты.

Қазір Жансая мен Камилдің 3 баласы бар. Үлкені - 5 жаста. Олар отбасында тек ағылшын тілінде сөйлеседі.

«Біз дүркіретіп той жасамадық. Тек жақын достар мен туыстар арасында атап өттік», - дейді ол.

Жансаяның өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына отбасы қарсы болған. Бірақ кейін Камилді көріп, ойлары өзгеріпті.

«Камил екеуміздің бір-бірімізге қарым-қатынасымызды көздерімен көрген соң туыстарым да оны жақсы көріп кетті. Бірақ әлеуметтік желідегі суреттерімізге жерлестерім әлі күнге ауыр сөздер жазады. Мен оларды кінәламаймын. Кезінде мен де ел көрмей, солай ойлаған шығармын. Бір нәрсені ұмытпау керек. Бізден де басқа ұлттар көп. Махаббат ұлтқа, нәсілге бөлінбейді», - деген Жансая менталиттің екі адамның өміріне әсер етпейтінін айтады.

Көбіне келіншегі жұмыста болса, Камил балаларға қарап, тіпті, тамақ та әзірлеп қояды екен. Себебі, онда әйел мен ер адамның отбасындағы рөлі тең көрінеді. Ал күйеуінің туыстары Жансаяны бірден жақын тартып, ұнатып кеткен. Олар үшін өзге ұлтпен неке қию қалыпты жағдай. Десе де, жерлесіміз төркіндетуге әлі күнге жасқанады.

«Қазақстанға барсам бізді қалай қабылдайтынын елестете алмаймын. Қорқыныш бар. Бірақ сонда да биыл баруды жоспарлап отырмын. Туған жерімді бір көргім келеді. Дәмді тағамдарымызды сағындым», - деп сөзін аяқты ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары