Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы тағы да ұлғаяды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59 жас болмақ деп жазады Sputniknews.kz.
Қазір қазақстандық ер-азаматтар зейнетке 63 жасында шығады. Ал әйелдердің жасы бірнеше жыл бұрын қабылданған заңға сәйкес біртіндеп ұлғайып отырады.
Сонымен, 2018 жылы 1 қаңтарда зейнет жасын арттырудың бірінші кезеңі болды – 58,5 жас. Келесі кезеңі 2019 жылдың 1 қаңтарында болады – 59 жас.
Осылайша, 2027 жылы қазақстандық әйелдер зейнетке 63 жасында шығатын болады:
2020 жылдың 1 қаңтарынан — 59,5 жасында;
2021 жылдың 1 қаңтарынан — 60 жасында;
2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жасында;
2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жасында;
2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жасында;
2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жасында;
2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жасында;
2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жасында.
Негізінде заңнама бойынша кей қазақстандықтар зейнетке сәл ертерек шыға алады. Бұл норма Семей ядролық полигонында ядролық сынақтардан зардап шеккен елді мекендерде кем дегенде бес жыл (1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейін) өмір сүрген адамдарға қатысты. Яғни, осы өңірде тұрған ер-азаматтардың зейнет жасы – 50, ал әйелдердікі – 45 жас.
Сонымен бірге, бес және одан көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жастан зейнетке шыға алады.
Қазақстандық әйелдер 50 жасқа дейін зейнетақы қорында белгілі бір соманы жинап үлгерсе, зейнетке ерте шығуына мүмкіндік бар. 2018 жылы бұл сома 13,5 миллион теңге.