$ 494.87  520.65  4.91

Астанада өткен халықаралық турнирдің үздік құсбегілері анықталды

20-21 қазан күндері Астана қаласының маңында бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі өтті деп жазады BAQ.KZ.

Төртінші рет өткен халықаралық турнирде Қазақстанның бірнеше облысынан және Монғолиядан келген 30-ға жуық бүркітші бақ сынады.

Жарыстың алғашқы күні бүркітті, қаршығаны, ителгіні қолға шақыру және бүркітті еркін ұшыру, шырғаға салу бәсекелері өтті. Бүгін алғашқы күні үздік нәтиже көрсеткен 10 қатысушы финалда бүркітті қоянға, түлкіге салып, қаршығаны кептерге салып, ителгіні далбайға ойнатты.

Бүркіт салудан жарыс жеңімпазы жамбылдық Бағдәулет Бабажан 19 жаста ғана. Ал құсбегілікпен 5 жылдан бері айналысады.

«Жамбыл облысынан командамызбен келдік. Жарыс өте жақсы өтті. Іріктеуден өтіп, бүгін бірінші орынды алдым. Бұл турнирді осымен қатарынан үшінші жыл жеңіп отырмын», - деді ол жарыстан кейін.

Бүркітші Кенжебек Байтолда – Монғолиядан келген қатысушы. Жасы – 45-те. Әкесі құсбегі болған соң жастайынан осы дәстүрді бойына сіңірген. Бұл іспен 20 жылдан бері шұғылданып келеді. Бүркіті – 24-те. Қандасымыз Қазақстанға алғаш рет келіп отыр және өзінің Күнтуған Тоқтыбайұлының туған жерінен келгенін айтады.

«Ұядан алған балапан, қолда түлеттім. Бір жылда 6-7 түлкі алады. Бүркіттің жасы әсер етеді. Қартайған сайын кәрі адамдарға ұқсап бір саты төмендей береді. Жас бүркіттерім бар. Ал бұл мен жақсы көретін, шалдан қалған мұра. Қыста жүйрік атқа ұқсатып баптаймыз. Жемін тартып бересің, қанат құйрығын бүлдірмей, сындырмай жас бала секілді күтеміз. Қыста аңға салып, жаз болғанда тойындырып, қанатын түлетеміз. Күнтуған атамыздың туған жері Баянөлгейден келіп тұрмын. Қазақстан, атамекен жақсы екен. Қайта келгенде дайындықпен келеміз», - деді ол.

Жеңімпаздарды Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай мен ұлттық спорт жанашыры Қанат Ахметов марапаттады.

«Құсбегілік – қазақтың үлкен бір дәстүрі, мәдениеті. Біздің еліміз бұл мәдениетті, дәстүрді спорт ретінде дамытуды жолға қойып отыр. Сол себепті елімізде спортшылар, төрешілер, жаттықтырушылар бар, халықаралық жарыстар алдындағы оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Биыл төртінші рет өтіп отырған Күнтуған атамыздың атындағы турнир алдағы уақытта да өзінің жалғасын таба берсін», - деп ол қатысушыларды құттықтады.

нәтижесі:
Бүркіттен:
1-орын Бағдәулет Бабажан (Жамбыл облысы)
2-орын Ақберел Құрманғалиев (Алматы қаласы)
3-орын Алмас Сейітжан (Алматы облысы)

Қаршығадан:
1-орын Аян Сейітжан (Алматы облысы)
2-орын Хазыбай Авсалам (Ақмола облысы)
3-орын Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы)

Ителгіден:
1-орын Айшуақ Тайманов (Маңғыстау облысы
2-орын Руслан Мағзұмов (Астана қаласы)
3-орын Арман Қошқаров (Атырау облысы)

Айта кетерлігі, турнирдің жүлде қоры – 500 мың теңге. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспары бойынша өткен турнирдің негізгі ұйымдастырушылары – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Астана қаласы әкімдігі, Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары