Қазақстанның қасиетті жерлерін әлемге таныту бағытында қандай шаралар қолға алынып жатыр? Бұл туралы Ақордада ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссияның кезекті отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баян етті деп жазады ҚазАқпарат.
«Біздің министрлік «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруда. Жобаның әдістемелік, ғылыми және практикалық бағыттарын 2017 жылы Ұлттық музейдің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталығы мен «Туған жер» ғылыми қауымдастығы жүргізеді. Жобаның негізгі мақсаты мен нәтижелері «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» республикалық форумында қаралған болатын. Форумға жетекші тарихшылар мен археологтар, этнографтар мен атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Барлық қасиетті және тарихи орындарды, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ескерткіштерді жүйелендіру үшін әкімдіктермен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр. Алты бағыт бойынша, атап айтқанда Солтүстік, Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Орталық және Оңтүстік-Батыс бағытта ғылыми-зерттеу экспедициясы іске асырылды. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша ұлттық маңызы бар 185 және аймақтық маңызы бар 456 орын таңдап алынды», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің айтуынша, аймақтардың негізгі нысандары бойынша «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының алғашқы томы жарыққа шыққалы жатыр. Алдағы уақытта дәл осындай бес кітап шығарылады. Сонымен бірге, материалдар виртуалды картада да қолжетімді болмақ.
«Жаһандық интернетте Қазақстан қасиетті орындарының брендін қалыптастыру үшін үш тілде 30-ға тарта видеоролик дайындалды. BBC world news, Viasat history, National geographic телеарналары америкалық Castle Film компаниясымен бірлесе отырып, «Көшпенділер жері», «Алтын адам» «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы», «Қожа Ахмет Ясауи», «Айша Бибі» фильмдері көрсетілуде. Осы жылдың қарашасында BBC World News-пен бірлесе отырып, «Travel shows of Kazakhstan» атты жобаны бастау жоспарланып отыр. Оған Қазақстанның туристік әлеуеті туралы бес бағдарлама енеді. Сонымен бірге, әлемнің жетекші музейлерінде Алтын адамның көрмесі өткізілді. Көрмелер Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Қытай, Польша елдерінде ұйымдастырылды. Жақын арада дәл осы жоба Ұлыбритания, Грузия, АҚШ, Австралия, Италия мен Францияда өткізілмек», – деді министр.