Шымкентте кеше түннен бері нөсер жауын жауып, көшелерді су басып қалды. Қаланың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен коммуналдық қызметінің жұмысшылары бірлесіп, көшелердегі суды сору жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңбыр салдарын жою барысында барлығы 10 тонна су сорып алынды.
«Солтүстік-Батыс», «Қазғұрт» мөлтек аудандарында, Өтегенов-Ерулік көшелерінің қиылысында, Гагарин көшесінде су сору жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Дулати мен Чайковский көшесіндегі үйлерге де су жиналғаны анықталды» делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Қазгидромет» филиалының синоптиктері 28 қазанда таңертең және күндіз Түркістан облысының кей жерлерінде қатты жауын-шашын, тұман күтілетіні туралы дауылды алдын алу ескерту жолдаған. Сонымен қатар, 27 қазанда күндіз, 28 қазанда тәулік бойы кей жерлерде оңтүстік-батыс, солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жел тұрып, екпіні 23-28 м/с дейін күшейетіні ескертілген.