Индонезияда апатқа ұшыраған Boeing 737 ұшағының жолаушысы қайғылы оқиғадан жарты сағат бұрын селфи жасап, жұбайына жіберген. 22 жастағы Дерил Фида Фебрианто мен оның әйелі Лутфиани Эка Путри екі апта бұрын ғана шаңырақ көтерген. Сол күні Дерил круиздік кемедегі жұмысына кеткен. Жас келіншектің сөзінше, күйеуі ұшақтың ұшқанын күтіп отырған кезде екеуі телефонмен хат жазысқан екен деп жазады Stan.kz.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 06:01-де күйеуі әйеліне селфи жасап жіберген. Онда ер адамның жасыл түсті медициналық маска киіп отырғаны көрінеді.
Сағат 06:12-де ерлі-зайыпты хат алмасуын тоқтатқан. Ал сағат 06:20-да ұшақ әуеге көтерілсе, 13 минуттан кейін радарлардан жоғалып кетеді.
«Жаңалықты көрген кезде, рейстің нөмірін Дерил жіберген билеттің суретімен салыстырып, жылап жібердім», – дейді әйел.
Еске сала кетсек, бұған дейін Джакартадан ұшып шыққан Boeing 737 ұшағы әуеде жоғалып кеткенін хабарлаған едік. Boeing 737 ұшағы құлаған жерден видео жария болды.