01.11.2018, 11:00

«Билікшіл тролльдер бар»: Қазақстан «интернеті еркін емес» 20 елдің қатарына енген

Ғалым Смағұлов

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы интернеттегі еркіндік (Freedom on the Net-2018) есебін жариялады. Тізімде Қазақстан «интернеті еркін емес» 20 елдің қатарына енген. Қолданушылар деректеріне бақылаудың күшейгенін атап өткен ұйым «Қазақстанның Қытай компанияларынан адамдардың түрін анықтайтын құралдар сатып алғанын» жазады.

Freedom House есебінше, Қазақстандағы интернет еркіндігінің жағдайы өткен жылдармен салыстырғанда еш өзгермеген.

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ЖИІ БҰҒАТТАЛАТЫН ЕЛ»

Freedom House есебінде Қазақстан 65 елдің ішінде 46-орында тұр. Ұйым зерттеуінде Қазақстан «әлеуметтік желі мен байланыс платформалары жиі бұғатталатын» елдердің бірі ретінде аталады.

Ұйым есебі жарияланардан бірер күн бұрын Қазақстан билігі төрт органға төтенше жағдай кезінде интернетті және байланыс құралдарын өшіруге рұқсат берді. Қазақстан үкіметінің 28 қазанда күшіне енген қаулысына сай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, бас прокуратура, ішкі істер министрлігі және қорғаныс министрлігі елде әлеуметтік, табиғи және техногендік төтенше жағдай болса интернетті бұғаттап, байланыс құралдарын сөндіре алады.

Freedom House есебінше, Қазақстанда «билікшіл тролльдер интернеттегі онлайн талқылауды қолдан ұйымдастырады». Қазақстаннан бөлек «Әзербайжан, Қытай, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Түркия, Украинада да билікшіл тролльдер бар».

Ұйым Қазақстан, Иран, Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Түркияда саяси, әлеуметтік және діни контент жиі бұғатталатынын, мемлекетті сынайтын ұйымдар үнемі техникалық шабуылға ұшырайтынын жазады. Ұйым зерттеуінше, Қазақстанда қабылданған жаңа заң (БАҚ туралы заң – ред.) интернеттегі бақылауды күшейтіп, анонимді пікір қалдыруды шектеген.

Freedom House есебінше, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Иран, Түркия, Ресей, Қытай – саяси және әлеуметтік жазбасы үшін интернет қолданушыларды қудалайтын, жауапқа тартатын елдер.

Freedom House әлемде сегіз жыл қатарынан интернет еркіндігі әлсіреп бара жатқанын жазды. Көптеген елдер жалған ақпаратпен күресуді желеу етіп, сайттардың жұмысына кедергі келтіруді жиілеткен.

Ұйым өз есебінде «Қазақстанда Ratel.kz және Forbes.kz сайттары қате ақпарат таратты деген айыппен жауапқа тартылғанын» атап өткен.

Бұрынғы қаржы және мемлекеттік кіріс министрі, қазір бизнеспен айналысып жүрген Зейнолла Кәкімжанов Ratel.kz редакциясына қарсы арыз түсірген. Ratel.kz сайты Кәкімжановтың болжамды коррупциялық әрекеттер туралы ақпарат жариялаған еді. Сот Ratel.kz интернет-басылымын шығаруды тоқтатып, сайттың бас редакторы Марат Әсіповке Ratel.kz атынан мақала жариялауға тыйым салған.

Ұйым дерегінше, Қазақстанда 13,8 миллион адам интернет қолданады.

Дереккөз: Азаттық