Алматы облысында ер адамды өлтіріп, мәйітін моншасындағы бетон астына көміп тастаған күдікті ұсталды деп хабарлайды Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Бұл оқиға 28 қазанда Еңбекшіқазақ ауданында болған. Тұрғындар 31 жастағы ер адамның жоғалып кеткені туралы полицияға хабарлаған. Ертесінде із-түссіз жоғалып кеткен ер адамның мәйіті жаңадан тұрғызылып жатқан өзінің моншасынан табылады.
«Бұл қылмысты марқұмға монша салуға көмектескен 34 жастағы ер адам жасады деп күдіктелуде. Ол оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны Түркістан облысындағы ауылдардың бірінен тапты. Қазір ол Есік қаласына жеткізіліп, аудандық полиция басқармасының уақытша қамау изоляторына қамалды. Бұл қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Анық болғандай, екі ер адам бір-бірімен сөзге келіп қалған. Артынша күдікті жәбірленушіні балтамен ұрып өлтірген.
Дереккөз: Newtimes.kz