$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында танысын балтамен ұрып өлтірген қаскөй марқұмды өз інісіне көмгізген

Адам сенгісіз жағдай. Алматы облысында жан жолдасын балтамен өлтіріп, құрылысы бітпеген моншаға көмген қаскөй ұсталды. Өзінің көмгені аздай марқұмның туған бауырына цемент әзірлеп үстінен бетон төсеткізген. Сөйтіп, оқиға орнынан ізін суытыпты. Бірақ, үйдегі қанға былғанған көрпе-төсекті өртеуді ұмытыпты.

Күдіктіні іздеймін дегенше, мәйіт үш күн бойы күл қоқыстың астында сасып жатқан. Қазір Есік қаласындағы Көксай саяжайының жұрты әлі естерін жия алар емес. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Жантүршігерлік оқиға он күн бұрын үйде болған. Ақша үшін келіспей қалған екі ауылдастың әңгімесінің арты жанжалға жалғасыпты. Сөйтіп, 1972 жылғы азамат жолдасының мойын тұсынан балтамен ұрып өлтіріп алады. Қылмысын жасырмақ болып, үйдің тура алдындағы құрылысы әлі бітпеген моншаға апарып көміп тастапты».

Есігі аңғал-саңғал жатқан моншаның ішінен мәйітті полицейлер бір апта бұрын тапқан. Айналасындағы кірпіш пен қоқыстың бәрі сонда шығыпты. Күдікті ауылдасын киімімен қоса әуелі фундамент астына жатқызады. Үстінен бетон төсейді. Ең сорақысы, марқұмның бауыры келгенде құрылысты тез аяқтау керек деген желеумен туған інісіне өлі ағасын өз қолымен көмдіруге мәжбүрлеген.

«Көміп тастап, інісіне бетон құйғызған. Ерлан білмеген. Замесьті дайындап тұрған. Бауыры екенін білгенде айғайлап жылады ғой. Бауырымды өз қолыммен көмдім. Жаның жанатта болсын. Ойлағанда жоқпын ғой, Құдайсыз ол деп бақырды ғой», – дейді марқұмның көршісі Райгүл Данова.

Сөйтсе, марқұм Бақыт Аманжолов сол күннің ертеңіне бүкіл ауылдастарын асарға шақырған екен. Тек кезінде жұмыс сұрап қоймаған жолдасы ертерек келіпті. Көршісі бар «гәп» бірлесіп алған несиеден шыққанын айтады. Әйтпесе, ішпейтін, шекпейтін, тіпті қысты күні жиі сусыз қалатын саяжай жұртына тегін су беретін жомарт еді дейді. Қазір, отбасымен қоса Есік қаласындағы «Көксай» саяжайының тұрғындары егіле жылап қайғыруда.

«Жақсы бала қыстай суымызды берді. Жаман күйде болдық» – дейді марқұмның көршісі Зүлфия Шаханова.

«Үйде бала бар. Есік алдында адам өліп жатыр. Енді отырмыз. Қорқып. Тастап кетуге де қорқамыз балаларды» – дейді марқұмның көршісі Рашид Байжанов.

Оқиға жұма күні болғанымен, туғандары алғашқы күндері өз күштерімен іздеген. Ақыры полицейлерге арыз жазыпты. Үйдегі қанға жуылған жинаулы тұрған көрпе-төсекті де сонда көрген. Күдікті бірден қаладан қашып кетіпті. Тәртіп сақшылары оны тек Түркістан облысынан ұстаған. Кінәсін мойындап, туғандарының алдында басын да көтере алмады дейді.

«Ол Есік аудандық полиция изоляторында уақытша қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес жүргізілуде», – дейді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Әйгерім Көпбаева.

Марқұм Бақыт Аманжолов Еңбекшіқазақ ауданы, Лавар ауылының тумасы. Күре тамырынан балтамен ұрып өлтірген қаскүнем де сол елді мекеннің тұрғыны екен. Бірге өскен. Үш баласы мен әйелі бар екен. Ал, Бақыттың артында жалғыз шешесі, бауыры мен жесірі қалды. Бір ай бұрын шала туған сәбиі шетінепті. Кісі қолынан өліп, денесі адам сенгісіз жағдайда қорланған 31 жастағы жігіт сол шақалақтың жанына жерленді дейді көршілері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары