17 жыл бойы отбасылы азаматпен көңіл жарастырған алматылық келіншек бар сырын ақтарды. Ол қазір сүйіктісін әйелінен қатты қызғанатынын да жеткізді. Бұл туралы «Алаш айнасы» жазады.
Өзін Қамар деп таныстырған алматылық келіншек екі институтты бітірген соң белгілі бір басылымда бас бухгалтер қызметін атқарады.
Жоғары оқу орнында жүргенде ауылдың жігітімен екі жыл кездескен ол сезім жетегімен тұрмысқа шығып кетеді. Алайда алматылық арудың некесі ұзаққа бармапты. Ол ажырасып, екі қызымен бірге төркініне кетіп қалған екен. Содан бері қыздарын да өзі асырапты.
Күйеуімен ажырасып, еркек атаулыдан көңілі қалған келіншек ендігәрі ешкіммен көңіл қоспаймын деп ойлаған екен.
Алайда күндердің күнінде өз махаббатын қалай кезіктіргенін аңғармай қалады.
Махаббат хикаясы Қамардың жұмыс орнында басталған. Бірнеше ай бойы келіншектің артынан қалмаған Мирас ақырында оның көңілін аулапты. Ал махаббаттан аузы күйген келіншектің қайта пайда болған сезімін өшіруге күші жетпейді. Тіпті, әйелді сүйіктісінің отбасылы азамат екендігі де толғандырмаған сыңайлы.
Осылайша, сезім айдынында шалқыған келіншек 15 жылдың қалай өткенін байқамай қалғанын айтады. Ол сол ғашығымен әлі бірге екенін, одан қызды болғанын да жеткізген.
Қамардың сөзінше, жүкті кезінде Мирас түсік жасатуға қарсы шығыпты, сондай-ақ, ол Қамардың екі қызын өз қыздарындай көреді екен.
Әкелерінің орнын басқан ер адамды Қамардың қыздары да жақсы көреді. Еліміздегі белгілі білім ордаларында оқитын бұрымдылар аналарының сүйіктісін қуана қарсы алатын көрінеді.
Өкінішке қарай, Қамардың мұндай бақытты сәттері тек 1-2 сағатта жалғасады. Өйткені, қайтадан өз отбасына кетіп қалатын азамат осы уақытқа дейін «ажырасамын» деп уәде берумен ғана шектелген.
Сондай-ақ, ол әйелін жақсы көрмейтінін, бірақ тек сыйлайтынын, ортақ бес баласын тастап кете алмайтынын да айтып отыратын көрінеді.
Көзі ашық, көкірегі ояу Қамар ғашығының әйелін түсінетінін, балаларының көз жасына қалғысы келмейтінін жеткізген. Бірақ, ол соңғы уақытта жұбайынан Мирасты қызғанатынын, түнде әр нәрсені ойлап, ұйықтай алмай жүргенін де жасырмаған.
Өз сезімін бұғаттап, басқа азаматпен де кездесіп көргісі келген келіншек қолынан ештеңе келмейтінін түсініпті. Себебі, оның бар әңгімесі таныстықтан аспайтын көрінеді.
Енді не істерін білмей дал болған келіншек жұрттан кеңес сұрап отыр.