26 қараша күні Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі және Корея Ұлттық музейі Еуразия көшпенділерінің мәдениеті мен өнерін таныстыратын «Ұлы дала мұрасы: Зергерлік өнер жауһарлары» атты бірегей көрмені ашты.
Қазақстан мен Корея арасындағы екі жақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық барлық бағыттарда және оң нәтижелермен дамып келеді. Әрі екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара ықпалдастықтың озық үлгісі болып табылады.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин: «Ұлы дала мұрасы: Зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі Кореяның Ұлттық музейінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Көрме ҚР Ұлттық музейінің қорынан алынған 458 экспонатты қамтиды. Бүгінгі күні Корей-Қазақстан қарым-қатынасы барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Атап айтсақ, екі ел арасындағы өзара мәдени-гуманитарлық байланыс бойынша табысты нәтижелер бар. Қазіргі кезде Қазақстанда 100 000-ға жуық этникалық кәріс ұлтының азаматтары тұрып жатыр. Олар қазақ елімен етене жақын араласып, нәтижесінде екі ел арасында достық, туыстық қарым-қатынас орнаған. Сонымен қатар этникалық кәріс ұлтының өкілдері Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, оның дамуына өзіндік үлесін қосуда. Бүгінгі көрме ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жолға қойылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Былтырғы жылдан қолға алынған бұл көрменің басты мақсаты – шетелдік көрермендерді Қазақстанның мәдени мұрасымен таныстыру», - деді.
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан VII-ІІІ ғасырларға жататыналтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.
Көрменің негізгі экспонаты – 1969 жылы Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан белгілі археолог Кемал Ақышев басқарған археологиялық экспедиция тапқан «Алтын адам». Көсемнің костюмі мен бас киімінің барлық әшекейлері киімге тігілген
ретімен өзгеріссіз сақталған. Барлық әшекейлер өнер туындысы және скифтік-сібірлік аң стильінің ескерткіштеріне жатады. Бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасыннан барлығы 4800 әшекей тапқан. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер табылған қорған болып саналады.
Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесінде таныстырылған зергерлік өнер туындылары – Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана.