Ақтаулық полицейлер қоқыс арасынан өлі күйінде табылған шақалақтың анасын іздестіріп жатыр. Естіген жанды бей-жай қалдырмайтын жантүршігерлік оқиғаға қаладан 20 шақырым қашықтықта орналасқан күл-қоқыс полигонының қызметкерлері куә болып, тиісті орындарға хабар берген еді деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Арнайы көліктің жүргізушісі Бердәулет Кемалов қаладағы қоқыс контейнерлеріндегі тұрмыстық қалдықтарды әдеттегісінше тиеп, қала сыртына әкеп төккен. Ал, бөбектің жансыз денесін сонда қоқыс сұрыптап жүргендердің бірі тауып алыпты. Қазір тәртіп сақшылары жаңа туған сәбиді кімнің, қай жәшікке тастағандығын анықтаумен айналысып жатыр. «Адам өлімі» бабы бойынша қылмыстық іс те қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«Бөтелке жинайтын келіншектің біреуі тауып алған. Сөйтіп полицияға хабар берген. Сосын ертеңіне полицияға барып тапқан жерімді көрсетті», − дейді көлік жүргізушісі Бердәулет Кемалов.