$ 498.34  519.72  4.85

«Орындықты сылтауратып ұрысты»: Рахман Омаровтың әйелінің өліміне күдікті сотта оқиғаның қалай болғанын айтты

Алматыдағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аудандық сотта Рахман Омаровтың бірінші әйелі Гүлдерайым Омарованың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста сотталушы Ақтолқын Сүлейменова өз ойын айтуы керек болатын. Алайда ол бас тартқан соң судья сотталушының тергеу барысында берген түсініктемелерін оқытты деп жазады ҚазАқпарат.

Сотталушының сөзін қорғаушысы Умаров оқып берді.

«Мен өзіме ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлімімен тағылған айыпты мойындамаймын. Себебі, адам өлтіремін деген ниетім болмады. Ол (Гүлдерайым) өзі «ауылдан келгендер, түк көрмегендер» деп бізді балағаттай бастады. Сосын шапалақпен салып қалды. Сосын мен де оны ұрдым. Пышақпен өзіме бірінші ұмтылды. Сосын пышақты тартып алып, мойнынан салып қалғаным есімде. Неше рет ұрғанымды білмеймін. Есімді жисам, ол жантәсілім етіпті. Сол күні жас жігіт (Гүлдерайымның ұлы Досхан) келіп, анасын іздеп жүргенін айтты. Мен оған анасының мені бірінші ұрғанын түсіндіре бастап едім, ол жігіт менің өзіме атылды. Өзімді қорғауға тырыстым. Сосын әлгі жігіт балконнан анасының аяғын көріп қалды. Сосын мен өзім де үшінші қабаттан асылып өлгім келді», - деді сотталушының сөзін оқыған қорғаушы Умаров.

Айта кету керек, сотталушы бұрын да ҚР ҚК 188-бабымен («Тонау, ұрлық») істі болған екен.

Сондай-ақ, судья сотталушының мұның алдында берген түсініктемелерін де оқытты.

Белгілі болғандай, Ақтолқын Сүлейменова бұрын өзінің түсініктемелерін бірнеше рет өзгерткен. Ең алғашында ол Гүлдерайымды пәтер жалдауға келген Ұлжан деген қыз өлтіргенін айтқан. Оның алдыңғы түсініктемесін мемлекеттік айыптаушы оқып берді.

«Мен жарты жыл бұрын өзімнің құрбыларымның қасына жалдамалы пәтерге көшіп келдім. Пәтерақысын өзара бөліп төлейтін болдық. Пәтер ақысын алуға ылғи пәтер иесі Гүлдерайым Омарова келетін. 25 маусымда таңертең қыздардың бәрі жұмысқа кеткенде, Ұлжан сырттан келді. Пәтерде екеуміз ғана болдық. Шамамен 15 минуттан соң Гүлдерайым келді. Бір уақытта ол ас үйдегі сынып қалған орындықтарды желеу етіп, ұрыс шығарды. Сосын мен де жауап қайтарып, ұрсыса бастадым. Біз мұнда көшіп келгенде диван да сынық болғанын айттым. Аздан соң әжетханада отырғанымда гүрс еткен дыбыс естідім. Шыққан кезде жерде жатқан пәтер иесі мен оның қасында тұрған Ұлжанды көрдім», - деді прокурор тергеу кезіндегі түсініктемелерді оқи отырып.

Бұл түсініктемені бергенде сотталушы жансақтау бөлімінде жатқан. Қайғылы оқиға болған жерге жедел жеткен полиция қызметкерлері оны 3-қабаттың балконында асылып тұрған жерінен құтқарып қалған.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2018 жылдың маусымында болған еді. Гүлдерайым Омарова «Ақкент» шағынауданындағы пәтерін жалға беріп келген.

26 маусым күні ол пәтерақыны алу үшін жалдаушыларына барған. Сол кезде пәтер қожайыны мен жалдаушылар арасында кикілжің туған. Дау-дамайдың арты қайғылы жағдайға ұласқан. Екі әйел Гүлдерайымға бірнеше жерінен пышақ салған. Әйел сол жерде алған жарақатынан көз жұмды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары