Жаңалықтар   29.11.2018   сағат   12:25     301

Қарағандыда шенеуніктер мен олардың отбасын ғана емдейтін аурухана ашылды

Қарағандыда Қазақстан Республикасы Президент істері басқармасы ауруханасының үлгісі бойынша жасалған мемлекеттік қызметшілерге арналған емхана ашылды. Дәрігерлер мемлекеттік қызметшілерден бөлек, балалары мен олардың отбасы мүшелерін емдейтін болады. Аурухана жоғары технологиялық құрылғыларымен жабдықталған деп жазады Sputniknews.kz.

Қарағандыда шенеуніктер мен олардың отбасын ғана емдейтін аурухана ашылды

Мемлекет қызметшілердің жағдайын жақсартуды мақсат тұтып отыр. Қарағандыда бұл бағдарлама емхананың ашылуымен басталмақ. Бұл мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық жиналысы кезінде белгілі болды.

«Бастапқыда біз «жасыл дәліз» жасауды жөн көрген едік, бірақ шенеуніктің алыстан көрінетінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Кезекте күтіп тұрғанын біреу көріп қалса, шу шығады. Бірден қоғам тарапынан көрсетілетін қысым пайда болады. Бұдан өзге бұл жетекшілер үшін де тиімді болып отыр. Кейін біз шипажайларға жолдама беру мәселелерін де қарастыратын боламыз. Жуырда бір адам «Барлығын шенеуніктер үшін жасап жатырсыздар. Қашан халық үшін жұмыс істейсіздер?» деп турасын айтты. Бір жақсы сөз бар. Егер шенеуніктер халықаралық стандарттарға сәйкес қажеттінің барлығымен қамтамасыз етілетін болса, олар параға жақын болмайды. Мысал ретінде Сингапур мен Малайзияны айта аламын. Ол жақта шенеуніктер керектінің барлығымен қамтылған. Осыдан кейін бұл мемлекеттерде жемқорлық көрсеткіші қысқарып, 6% болды», – деді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Берік Ахметов.

Жобаны әріптестеріне Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев таныстырды.

«Бұл – меморандум шеңберіндегі денсаулық сақтау министрлігі мен мемлекеттік қызмет істері бірігіп жасаған жоба. Біз оны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқасында жүзеге асырдық, бюджеттен ақша алған жоқпыз. Емхана қаланың ортасындағы Можай көшесінің бойында орналасқан. Жұмыс кестесі мемлекеттік қызметшілердің бос уақытын ескере отырып жасалды. Әйелдеріңіз бен ата-аналарыңызды емдейтін күндіз стационар жұмыс істейді. Ол жерде жалпы тәжірибесі бар бір дәрігер және балаларды қарайтын екі педиатр маман болады. Физикалық терапия және ультрадыбыс кабинеті бар. Кеңес беру бөлімінде 14 түрлі саладағы дәрігерлер отырады», – деді Нұрлыбаев.

Жүрек-қан тамырлары жүйесін емдеумен айналысатын жеке кабинет ашылған. Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, ол жерге заманауи ультрадыбыстық аппарат қойылған. Әзірге облыстағы басқа емханаларда мұндай диагностика жасау жүйесі жұмыс істемейді.

Емхана дәрігерлері биометриялық технологиялардың көмегімен мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын алыстан бақылайтын болады. Арнайы жүйе қан қысымы, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен қандағы қант мөлшері туралы ақпарат алады.

«Сондай-ақ, емханада дәріхана жұмыс істейді. Дәрілер алдын ала тапсырыспен әкелінеді. Қандай да бір дәрі қажет болса, оны қосымша әкеліп береді. Барлық анализдер мемлекеттік кепілдендірілген көмек шеңберінде тегін жүргізіледі», – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Бұдан өзге емхана сенбі күні де жұмыс істейді. Ерлан Нұрлыбаев емхананың жұмыс уақыты мемлекеттік қызметшілер үшін барынша ыңғайлы етіп жасалатынын айтып сендірді.

Соңғы жаңалықтар