Ақтөбеде №14 орта мектеп оқушысы өзара сөзге келіп, бірі екіншісіне пышақ ала жүгірді. Осы оқиғаға байланысты оқушының ата-анасы қылмыстық жауапкершілікке тартылды деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласында оқыс оқиға тіркелді. №14 орта мектептің 6 сынып оқушысы 5 сынып оқушысына пышақ сұғып алды.
Өңірдік коммуникация қызметінің хабарлауынша, ата-ана қылмыстық жазаға тартылды.
«20 қараша күні облыстық балалар ауруханасына пышақ жарақатын алған оқушы түсті. Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, 6 сынып оқушысы 5 сынып оқушысын жарақаттаған. Екі бала да бір мектепте оқиды. Бірақ екі арадағы кикілжің мектептен тыс жерде басталған. Жарақат алған баланы дәрігерлер қарап шықты. Денсаулығы жақсы, ауруханаға жатқызылмады. Мектеп әкімшілігі ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, пышақ ала жүгірген оқушының ата-анасы Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал, оқушы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекцияның есебіне тіркелді», - деп хабарлады өңірлік коммуникация қызметі.
Айта кетейік, қазан айында №73 орта мектеп оқушысы пышақ жарақатын алды. Оқиға мектептегі әжетхана ішінде болды.