Қордай шекара отрядының (Жамбыл облысы) «Қордай авто» шекаралық бақылау бөлімі тағы да ірі көлемді есірткі тасымалының жолын кесті, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.
Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 21 күні сағат 16.00-де «Қордай авто» шекаралық бақылау бөлімінің шекара наряды арнайы үйретілген қызметтік иттің көмегімен Қырғыз Республикасынан ГАЗ-3110 автокөлігімен елімізге қарай келе жатқан екі Қырғызстан азаматын ұстады.
Қызметтік иттің берген белгісінен кейін автокөлікті тереңдете тексеру барысында артқы екі дөңгелектің қанаттарының астына жасырылған, 45 брикетке салынған, спецификалық иісі бар, ақшыл сары түсті ұнтақ зат табылды. Жалпы салмағы 22 килограмға жуық (21 кг 923 гр 092 млгр) тартқан ұнтақ героин есірткісі болып шықты. Автокөліктің иесі 1962 жылы туған Хабдрасул деген азамат, ал жүргізуші 1967 жылғы Жұбанычбек.
Іс тәртіп сақшыларына берілді.