18 жастағы Дарья Махартованың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа түсті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2018 жылдың 25 желтоқсанында Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Р. Ю. Ажановқа және А.А.Шевченкоға қатысты қылмыстық іс келіп түсті» делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кету керек, екі күдікті де ерекше қатыгездікпен адам зорлағаны, адамдар тобы жасаған жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері, басқа қылмысты жасыру немесе оның жасалуын жеңілдету мақсатында аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін айыпталып отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 20 шілде күні сағат 22.00 шамасында Қостанай облысының Затобол кентінде 18 жастағы Дарья Махартова үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Кейінірек бойжеткеннің денесі орман алқабынан табылды. Іс материалдарында көрсетілгендей, полицейлердің өз міндетін дұрыс атқармауынан куәгерлер хабарлаған қылмыс орны жіті қаралмай, Қостанай АІІБ жедел кезекші көмекшісінің нұсқауы еленбеген.