$ 494.87  520.65  4.91

Дариға Назарбаева Универсиаданың бюджетін қысқартты

Алматыға жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева 2017 жылы өтетін Қысқы Универсиадаға салынып жатқан спорт нысандарын аралап көрді.

Дариға Нұрсұлтанқызының іс-сапардағы негізгі мақсаты - республикалық бюджетті тиімді пайдалану жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау. Қазірдің өзінде Универсиадаға деп бөлінген қыруар қаражатты қысқартты. Жұмысты тиімді һәм тез жасау қажеттігін айтты.

«Ең маңызды деген жұмыстарды атқарамыз. Яғни, жақсы қар, жарық, жақсы тамақ, қауіпсіздік болғанын және ең бастысы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мән береміз. 1 жарым айдың ішінде жұмысты оңтайлы атқарудың жолдарын таптық. Барлығы жоспарға сай мерзімінде әрі сапалы жасалады»,- деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Айта кетсек, Универсиадаға бөлінген қаржыны қысқарту әу баста қойылған мақсаттан түбегейлі бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше қаржыны үнемді әрі оңтайлы жұмсауға бағытталып отыр. Мәселен, атлетикалық ауыл Универсиададан кейін 5000 студенттің қолданысына беріледі деп жоспарланған болса, қазір оны 10 600 орынға ұлғайту көзделді. Қала әкімі Бауыржан Байбек салынып жатқан нысандардың әлеуметтік маңызын атай отырып, атлетикалық ауылдың әлеуметтік инфроқұрылымдарды қамтитын студенттер кешеніне айналуы қажеттігін атап өтті.

«Бұл студенттер қалашығында балабақша мен медициналық мекемені де қарастырған жөн. Екеуіне арнайы орын бөліп, оны жалға алғысы келетіндерге байқау жариялау керек. Немесе ол нысандар мемлекеттік-жекеменшік келісім бойынша жұмыс жасауы қажет»,- деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға НАЗАРБАЕВА.

Еске сала кетейік, 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға әлемнің 70 елінен 5000 спортшы мен 80 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Бүкіләлемдік студенттер сайысы Олимпиададан кейінгі ең маңызды спорт бәйгесі болып табылады. Олимпиада жүлдегерлерінің 40 пайыздан астамы өздерінің алғашқы жеңісіне осы Универсиада сайыстарында қол жеткізген екен.

Алматы TV

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары