$ 498.34  519.72  4.85

Марапаттардың қатарына "Еңбек даңқы" қосылды

Биылғы жылдан бастап экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен еңбек өнімділігін арттыруға үлес қосқан материалдық өндірістің түрлі салаларының еңбеккерлері мен жұмысшылары «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталатын болады.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек күніне арналған брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады. 

Ол 2014 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 40 жылдан астам еңбек өтілі бар (оның ішінде белгілі бір саладағы өтілі 10 жылдан кем емес), өзінің еңбек қызметінде өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, зейнет жасындағы еңбек ардагерлерін марапаттауға арналған «Еңбек Ардагері» төсбелгісінің тағайындалғанын еске салды.

2014 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласында өткен «Жалпыға Ортақ еңбек Қоғамына қарай» Бірінші Республикалық форумында Қазақстан экономикасын нығайтуға және дамытуға айтулы үлес қосқан 10 кәсіби маман «Еңбек Ардагері» төсбелгісімен марпатталған болатын.

«Биыл 2015 жылғы 17 наурыздағы Елбасының жарлығымен 3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені тағайындалды. Марапаттау өз ретімен жүреді: IIІ дәрежелі, II дәрежелі және ең жоғарғысы - I дәрежелі төсбелгі. «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған барлық 3 дәреже иегерлерінің мәртебесі «Қазақстанның Еңбек Epi» атағымен марапатталған тұлғалармен тең дәрежеде», - деп мәлімдеді Біржан Нұрымбетов.

Вице-министр жоғарыда аталған төсбелгімен көп жылғы жемісті қызметі, еңбек өнімділігін және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделген жоғары жетістіктері үшін материалдық өндірістің әртүрлі салаларының еңбеккерлері мен жұмысшылары марапатталатынын атап айтты.

«Еңбек Даңқы» төсбелгісімен алғаш рет марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың желтоқсанында Тәуелсіздік күніне арналған шаралар аясында өткізілмек», - деді ол.  

Baq.kz

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары