$ 443.85  474.3  4.8

Түркістанда үйлері бұзылуы тиіс тұрғындар әкімдік тарапынан қоқан-лоқы көріп отырғандарын айтты

Түркістанда мемлекет қажеттілігі үшін үйлері сүрілгелі жатқан жұрт енді мүлдем далада қалатын болдық деп шағымданды. Тұрғындар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңайындағы жерлерге туристерге арналған кешен салғысы келген әкімдік нарықтан әлдеқайда төмен баға беруде дейді. Ал 167 үй бір жарым айда босатылуы тиіс екенін айтқан әкімдіктегілер баға мәселесін сот арқылы шешуге болатынын алға тартты деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Киелі шаһардың ең мықты жерінде тұратын 170-ке тарта шаңыраққа жергілікті билік «жер учаскелері мемлекетке қажет» деген хабарлама жіберген. Ал олардың баспаналарын бағалауға жекеменшік компания нарықтан бірнеше есе төмен баға ұсыныпты.     

«Адамдары келіп бағалап кетті. Маған 20 млн деді. Менің үйімдей үйлерді 60-50 млн деп тұр. Ал, мен барып сабанханаға отырмаймын ғой. Қазір мен зейнеттемін. 63-темін. Ал енді менің қанша өмірім қалды. Өмір бойы салған тамымды бұлай бере алмаймын», - дейді  Түркістан қаласының тұрғыны Роза Ақбердиева.

Бағамен келіспейтіндер өз ұстанымдарын әкімдікке жеткізген.  Олардың айтуынша, жергілікті шенеуніктер түсіндіру жұмыстарының өзгеше «әдісіне» көшкен көрінеді. 

«Екі балаңыз қызыңыз жұмыс  істейді. Үйіңізді бермеген жағдайда балдарыңыз жұмыстан шығарамыз деп отыр. Бәрі жұмыс істейді ғой», - дейді Түркістан қаласының тұрғыны Гүлзия Ахметова.

«17 қаңтарға дейін осы жер бұзылады, бұзбасаңдар арнайы жасақпен келеміз деді. Үйді де ала-алмайсыңдар, жер де жоқ, ақша да жоқ дейді. Неге ондай? Әкімшіліктің адамдары айтты бұны», - дейді Түркістан қаласының тұрғыны Алмагүл Тұрсыманова.

Наразы жұрттың алдына қала әкімінің орынбасары шықты. Бұл тұрғыда түсіндіру жұмысын күнде жүргізіп жатырмыз деген Тәжібек Мұсаев елге қысым көрсеткен жоқпыз деп отыр. Әкімнің қаулысын орындау үшін, бұзылатын үйлердің тұрғындары бір жарым ай ішінде баспанасын босатуы керек. Баға ұнамаса, жұрт өзіне бағалаушыны тауып алуға болады. 

«Бағалау құнын өздері жасату керек. Бір жағына шығуымыз керек. Басқа жекеменшік лицензиясы бар жеке кәсіпкер бола ма бағалаушы бола ма соған жасату керек. Соны біз сотқа ұсынамыз. Сосын сот бір жағына шығарады ғой», - дейді  Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев.

Бағалаушы компанияның бағасын теріске шығару үшін жұрт енді өздері басқа компанияға жүгінуі керек. Сөйтіп, бірігіп заңгер де жалдауы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары