Павлодарда вандалдар әкімдік өкілдері бес миллион теңгеге сатып алған қоғамдық дәретхананы қиратып кеткен деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, белгісіз біреулер дәретхананың есігін бұзып, ішіндегі заттарды сындырған. Салдарынан құбырдағы су қатып, дәретхананың іші көк мұзға айналған.
«Қазіргі уақытта дәретханаларды коммуналдық меншікке өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан кейін тазалау шаралары қолға алынады. Қазір қалада үш модульдік және бес стационарлық әжетхана бар. Вандализм деректерінің жиілеуіне байланысты модульдік дәретханалар апатты жағдайда», – дейді Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Арман Құсайынов.
Еске салайық, құны 5 жарым миллион тұратын бұл дәретхана 2016 жылдың соңында қойылған еді. Үш кабинасы бар. Ортаңғысы ақша жинап, ішкі жағдайға жауап беретін күзетшіге арналған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін дәретханаға коммуналдық желілер де тартылған еді. Кіріп-шығудың құны бастапқыда 20 теңге, кейін 50 теңге деп белгіленген болатын.