Алматыда қыркүйектің 21 күні 14 автокөліктің қатысуымен болған жол апатына себепші трамвай жүргізушісі Today.kz тілшісіне жеке сұхбат берді.
Елена Стекольникова алғаш рет өзінің пайымдауынша апат себебін атады. Әйел адам өзінің кінәсіз екеніне сенімді және оны дәлелдемек.
«Адвокат менің пайдам үшін баспасөзбен қарым-қатынас жасамауым керек деп кеңес берді. Қазір жағдай қиындау, дегенмен өзімді ұстауға тырысудамын. Маған қысым түсуде, менен ақша талап етуде, өте үлкен сомма, қазір айта алмаймын. Кінәнің бәрін жүргізушіге, яғни, маған жабуда. Мен трамвайды тоқтатуға тырыссам да – оның шынымен тежеуіші істен шыққан», – дейді Елена Стекольникова.
«Мені оқиға орнынан бірден жетінші қалалық ауруханаға алып кетті, басымды тікті, төрт тігіс салды. Өзімді нашар сезінгеніммен, бірнәрселерді дәлелдеуге тырысып жүгіріп жүрмін», – деп жалғастырды ол.
Сонымен қоса, әйел адам ауыр материалдық жағдайда екені белгілі болды. Ол екі ұлын жалғыз тәрбиелеп отыр. Зардап шеккендерге өтемақыны ол төлей алмайды.
«Мен ары қарай не істерімді білмеймін – төртінші күн болды балаларымды көрмедім, ары бері жүгіріп. Маған ұлым қоңырау шалып: «Анашым, басың қалай?», – деп сұрайды. Мен әзер шыдап жүрмін, оның үстіне жалғызбын – күйеуім жоқ, мен ажырасқанмын. Менің екі ұлым бар: Артем 10 жаста және үш жасар Ратмир. Мен жалдамалы пәтердемін, мен сабылып жүрген кезде, балаларыма бұрынғы енем қарап отыр», – деп бөлісті Стекольникова.
Естеріңізге салсақ, апат Алматыда қыркүйектің 21 күні болды. Ғаламторда оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар бар. Басқарусыз трамвай Қарасай батыр көшесінен оңтүстікке қарай Байтұрсынов көшесімен жүріп келе жатып, 14 көлікке соқтығысқан. Нәтижесінде бес адам зардап шеккен.
«Алматыэлектротранс» ЖШС пікірі бойынша түтінді сезе сала, жүргізуші жолаушыларды трамвайдан шығарған. Трамвай қозғалыс үлкен жерде тоқтағандықтан, полиция дөңгелекті бұғаттан шығаруын талап еткен-мыс. ІІД бұл ақпаратты жоққа шығарды.