Сегіз баласы бар әйел ойын-сауық орталығында жарылғыш зат бар деген хабар берген, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІДД баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер террорлық әрекет туралы жалған хабар берген 46 жастағы әйелді ұстады. Оқиға 11 шілде күні болды. Әйел полицияға «Мега-орталыққа» екі ер адамның қорап әкеліп тастағанын хабарлаған. Ол қораптан сағатты механизмнің дыбысы естілетінін айтыпты. Сол мезетте оқиға орнына шұғыл қызметтер мен «Арлан» арнайы жасақ бөлімшесінің саперлік тобы барған еді.
«Орталықтан 700 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жақын маңдағы көшелерде көлік қозғалысы тоқтатылды. Саперлер сауда орнын тінтіп шықты, бірақ жарылғыш зат табылған жоқ. Қоңырау шалған адамның ақпараты жалған болып шықты», делінген хабарламада.
Ішкі істер департаментінің таратқан ақпаратына сай, күдікті сол күні ұсталды. Қызылорда облысында туған әйел сегіз баласымен Шымкентте тұрып жатыр екен.
Полицияның мәліметінше, ол мұндай әрекетке бұзық ниеттен барған, себебі қоңырау шалғаннан кейін телефонын қоқысқа тастап, өзі жасырынып үлгерген. Бұл дерек бойынша «Терроризм акті туралы көпе-көрінеу жалған хабар беру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті көпбалалы әйел болғандықтан, ол ешқайда кетпеуі туралы қолхатпен уақытша босатылды.