$ 524.58  551.91  4.93

Бангладеш астанасында өрт болып, 70-ке жуық адам мерт болды

Бангладеш астанасы Дакка қаласында өрт болып, кем дегенде 69 адам қаза тапты. Өрт бірінші қабатында химиялық заттар сақтаулы тұрған тұрғын үйден шыққан деп жазады Азаттық.

Алдын ала болжам бойынша, газ баллоны жарылып, от химиялық заттар тұрған қоймаға өткен. Өрт ғимаратқа жапсарлас тұрған төрт тұрғын үйге тараған.

Жергілікті билік өкілі "оттың тез тарағаны сонша – адамдар шығып үлгере алмай қалды" деп мәлімдеді.

Басылымдар құрбандар арасында мейрахана қонақтары мен тойға келген азаматтар барын жазды. Қаза тапқандардың күйген денесінен олардың кім екенін анықтау қиынға соғып жатыр. Жарақат алғандардың жағдайы ауыр.

Тарихи аудан саналатын өрт болған маңдағы көшелер тарлығы мен судың жеткілікті болмауынан өртті сөндіруге бес сағаттан көп уақыт кеткен.

Премьер-министр Шейх Хасина "трагедиядан есеңгіреп қалдым" деп, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары