Қаржы министрлігі республиканың төрт жоғары оқу орнының үлесін сату туралы шешім қабылдады деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Сатылым биыл 7 наурызда аукционның баға өсіру тәсілімен өтеді. Республика меншігінен сатылымға қойылғандар ішінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Алматы энергетика және байланыс университеті бар.
«Барлық нысанның 35 пайыз үлесі сатылады. Тек Алматы энергетика және байланыс университетінің 33,65 пайызы сатылымға қойылды. Бұл нысандардың бастапқы бағасы әртүрлі. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің бағасы 1 711 278 931,00 теңгеден басталады, кепілді жарна - 75 750 000,00 теңге», - деді ҚР қаржы министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Сатылымға қатысу өтінімі 7 наурызда таңғы 8:00-ге дейін қабылданады.
«Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің бастапқы бағасы - 336 396 978,00 теңге, ал Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы 2 522 061 695,00 теңгеден бастап сатылады. Алматы энергетика және байланыс университетінің бастапқы құны 1 401 617 089,00 теңге болады. Су спортының және спорттың қолданбалы түрлерi бойынша республикалық жоғары спорттық шеберлiк мектебi - 331 060 000,00 теңге», - деп хабарлады Қаржы министрлігіндегілер. Нысандар gosreestr.kz сайтында электронды тендер арқылы сатылады.
Дереккөз: Tengrinews.kz