Оралда дүкенге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті қолға түсті деп жазады ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше шамамен сағат 16.50-де орын алды. Белгісіз біреу «Мобильник» дүкеніне пышақпен келіп, ұялы телефондарды қорқытып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмыстың ізі суымай ашылды. Абай полиция бөлімінің қызметкерлері осы қылмысқа күдікті ретінде Бәйтерек ауданының бұрын сотталған 1979 жылғы тұрғынын ұстады.
Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 128-бабы тәртібімен Орал қаласы полиция басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 192-бабы 1-бөлігіне сәйкес (қарақшылық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, қарақшылық шабуыл жасағанның бір адам екендігі бейнебақылау камерасынан да анық көрінеді.