$ 494.87  520.65  4.91

Жаңа босанған әйел сәбиімен Өскеменге санавиациямен жеткізілді

2019 жылдың 22 наурызында  1996 жылы туған азаматша жаңа туған сәбиімен бірге шұғыл түрде Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласынан Өскеменге санитариялық авиация желісімен жеткізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, босанған әйел жүктіліктің 39 аптасында медициналық мекемеге келіп түскен. 2019 жылғы 13 наурызда бала ауыр асфикциямен туылған. 

«Босанғаннан кейінгі кезеңде кішкентай пациентке жағдай тұрақтанғанға дейін қажетті медициналық көмек көрсетілді. Одан әрі ем алу үшін жаңа туған нәресте анасымен Өскемен қаласындағы облыстық Ана мен бала орталығына санитариялық авиация желісімен жеткізілді. Мұндай қажеттілік бала денсаулығының ауыр жағдайына, медициналық мекемеде күтім жасау және емдеу бойынша жағдайлардың болмауына, сондай-ақ жолдардың нашар жағдайына және көшкін түсу қаупіне байланысты туындады»,-делінген хабарламада. 

Сондай-ақ онда пациенттерді, оның ішінде жаңа туған балаларды авиатасымалдау кезінде санавиацияның ұтқыр бригадасы ұшудың барлық уақытында ағзаның өмірлік маңызды функцияларына мониторинг жүргізіп отыратындығы айтылған.  

Бұл ретте әуе кемесінің бортында қажетті медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектердің болуына ерекше назар аударылады. Осылайша, жаңа туған нәрестелерді бортта тасымалдау үшін оттегін автоматты түрде беретін және қауіпсіздік пен жайлылыққа кепілдік беретін оңтайлы температура мен ылғалдылықты ұстап тұратын мамандандырылған кувез қолданылады. 

Қазақстан Республикасының санитариялық авиациясы көп бөлігінде қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге, жазатайым оқиғалар, улану және жарақат алу кезінде, жаңа туған нәрестелер және балалар жасындағы патологиялар кезінде, сондай-ақ шұғыл акушерлік жағдайлар кезінде медициналық көмек көрсетеді. 

«2019 жылғы 2 айда патологиялық аурулары бар жаңа туған нәрестелер пациенттердің жалпы санының 14,7% құраған.  2019 жылғы 2 айда санавиациямен 319 ұшу шарасы орындалды, 374 пациентке медициналық көмек көрсетілді, 390 медициналық қызмет орындалды. Ағымдағы кезеңде 298 пациент тасымалданды, 66 кеңес берілді және 26 операция жасалды», - делінген министрлік таратқан мәліметтерде.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары