Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдағаннан кейін Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы ұсыныс жасаған болатын. Тіпті ол әр қаладағы орталық көшелерге елбасының аты берілсе де артық болмайтынын айтқан. Президенттің бұл ұсынысын Қарағанды облысының патриот ұстаздары да оқушыларға үлгі боп, бірауыздан қолдай кетті.
«Елбасының арқасында отыз жылдың ішінде еліміздің білім беру саласы қарқынды дамыды. Мұғалімдерге жүйелі түрде қолдау көрсетіліп, шәкірттеріміздің әлемдік деңгейге сай сапалы білім алуына жағдай жасалды.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Республикамызда көптеген Назарбаев зияткерлік мектептері, облыстық мамандандырылған мектеп интернаттары және Назарбаев университеті бастаған жоғарғы оқу орындары ашылып, жас ұрпақ білім нәрімен сусындалуда.
Сонымен қатар Елбасының көрегендігі арқасында «Болашақ» бағдарламасы қабылданып, жастарымыз әлемнің әр тарапында білімін шыңдап, бүгін еліміздің өркендеуіне атсалыса бастады.
Елбасының әр Жолдауында білім мен ғылым саласына орасан зор көңіл бөлінді. Мектептер мен кәсіптік –техникалық білім беру мекемелерінде материалдық-техникалық базалар заманауи жабдықталып, ұстаздардың жалақысы үнемі көтеріліп, жұмыс үрдісі ынталандырылды.
Осы және басқа да мемлекет тарапынан қолдаулардың арқасында мектептерде оқушылар үшін арнайы робототехника, гидропоника, интеллектум кабинеттері мен коворкинг, IT және медиа орталықтары ашылып, жас жеткіншектер IT технологиялардың арқасында жаңа бағдарламаларды игеріп, шығармашылықтарында инновациялық үрдістер мен үздік өнімдерге қол жеткізе бастады.
Жастар еліміздің болашағы десек, осындай білім ошақтарынан түлеп ұшқан оқушылар, жоғарғы оқу орындарын тәмамдап бәсекеге қабілетті маман атанып, еліміздің өсіп дамуына өз үлестерін қосуда.
Бұның барлығы Елбасының білімге деген әкелік қамқорлығы деп білеміз. Ұлт болашағына өлшеусіз үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы - ұлтымыздың ұлы ұстаздарының бірі болып тарихта мәңгілік қалатын дара тұлға. Сондықтан, Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп аталуы әбден лайықты шешім», - деді олар.
Шараға Қарағанды жоғары политехникалық колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі, А.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжі, Жезқазған политехникалық колледжі , А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжі, Абай көпсалалы колледжі, Шахтинск технологиялық колледжі, Қарағанды көлік-технологиялық колледжі, Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп - интернаты , № 93 гимназия, № 101 мектеп-лицей , Ақтоғай ауданының К.Байсеитова атындағы орта мектебі, Сатпаев қаласының № 1 гимназия ұжымдары қатысты.