Жаңалықтар 02.04.2019 сағат 04:24

Ташкент қаласында «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылады

Қазақстанның Өзбекстандағы жылының салтанатты ашылу құрметіне орай, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 2019 жылғы 11 сәуірде Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашады (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы).

Ташкент қаласында «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылады
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Көрмені Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының м.а Нұразхан Алмаз Шәйкенұлы мен Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Файзиева Васила Солихқызы ашады.

Көрме ашылар алдында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады, шараға екі мемлекеттің ресми делегациясы өкілдері мен қазақстандық және өзбекстандық ғалымдар қатысады.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады.

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.

Күні бүгін бұл жоба әлемнің жеті елін – Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша, Корея мемлекеттерін және Татарстан Республикасын табыспен аралап оралды. «Алтын адамның» шеруін сол елдерде миллионнан астам көрермен тамашалады.

Жалпы алғанда жоба үш жыл көлемінде жүзеге асатын болады, көрме 2020 жылдың аяғына дейін жер шарының жиырмаға жуық елінде болып қайтады. Биыл Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде өткізу жоспарланған. Келесі жылы АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның басты музейлерінде өткізіледі.

Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Сақтар (парсы тілінен аударғанда – «алып ерлер») – қазақтардың ертедегі бабалары. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер (saka сөзі скифтердің «бұғы» сөзінен туындайды), басқа ежелгі дереккөздерінде «ұшқыр атты турлар» деп көркем сипаттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөріктілер») бар болатын.

Қорғаннан арасында киімдерді безендіретін деталдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморфтық бейнелердің басымдығы да мифологиялық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы, жаңа өмірдің жасалуы, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің символы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтыннан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған V-IV ғасырларға тән жапсырмасы бірін бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Христиандық пен мұсылмандықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табынушылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бастады. Алайда бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді.

Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.

Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 106 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының есімдері атаусыз қалған шеберлері тудырған шедеврлердің аз ғана бөлігі.

Көрмеге Өзбекстан мемлекетінің ғылым мен зиялы қауым өкілдері, жалпы жұртшылық көптеп қатысады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар