Достық үйінің кітапханасында Халықаралық кітап күніне арналған «Кітап – мәңгілік ғажайып! Вечное чудо-книга!» атты шара өтті.
Шараның мақсаты – тарих пен тағылымның алтын сандығы кітапқа деген өскелең ұрпақтың құштарлығын арттыру және оны қастерлеу. Кітап әлеміне саяхаттауға келгендер қатарында қаламыздың №101,102 мектеп оқушылары, этномәдени бірлестік өкілдері. Бұл ерекше мерекенің отаны-Испания, ол елде 1962 жылы патша «Испанияның кітап күнін» тойлауға жарлық шығарған. Кейінірек 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның кезекті сессиясында испандықтар үшін маңызы бар күн, бүкіл әлемдік мәртебеге ие болды. Содан бері 23 сәуір «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық» күні деп аталып, ресми мерекелер қатарына қосылды. 2001 жылдан бастап әлем бойынша «кітап астанасын» таңдау туралы шешім қабылданды. Содан бері әр жыл сайын бұл мәртебеге ие болған қалалар -жыл бойы кітап сүйер қауымның құрметіне бөленеді. ЮНЕСКО келісімімен 2019 жылдың «Бүкіл әлемдік кітап астанасы» атағы- араб әлемінің мәдени ошағы саналатын -Шардж қаласына берілген.
Шараға қатысқан оқушылар бүкіл әлемдік кітап күнінің тарихы мен тойлау дәстүрін, кітаптың шығу тарихы, алғашқы кітаптың жазылуы мен жарық көруі, бірінші баспашылар туралы қызықты әрі құнды мәліметтерге қанық болды. Мерекеде әуелете ән шырқалып, өлең оқылды, кітап туралы қызықты сауалнамалар жүргізіліп, түрлі ойындар ойнатылды. Бұдан бөлек көрерменге кітап жайлы ұлы тұлғалардың қанатты сөздері мен халық даналығы айтылып, кітап туралы қызықты мәліметтер оқылды. Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген конкурстар ретінде: «Кітап туралы мақал-мәтелдерді жалғастыр», «Кітап пен автордың есімдерін еске түсіріңіз», «Әртүрлі уақыт жазушылары мен ақындарын атаңыз» және «Кітап туралы не білеміз?» әдеби викториналарын жатқызуға болады.
Конкурс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар шара көрермендеріне «Кітап және әдебиет кейіпкерлеріне қойылған ескерткіштер», «әлемдегі ерекше кітапханалар» атты бейнероликтері көрсетілді. Мерекелік іс-шара қызықты әрі танымдық бағытта өтіп, келген қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Ары қарай шараның жалғасы ретінде кітапханашы Людмила Малик қонақтарға «Кітап – мәңгілік ғажайып!» атты кітап көрмесін таныстырды.