Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 21 сәуірде Алматыда сайлауға байланысты акция өткізіп, ұсталған азаматтардың ісіне байланысты пікірін білдірді, деп жазады Азаттық.
«Кеше Алматыда 17 мың адам қатысқан ірі қалалық марафон болды. [Марафон өткен] трасса бойында екі азамат: Толымбеков (кейбір деректе Толымбаев деп айтылады) пен Төлесова плакат жайып, осылайша «митинг, жиын және шеру өткізу туралы» туралы заңды бұзған. Оның үстіне плакатты жайған кезде адамдардың оған көңілі бөлініп, суретке, видеоға түсіре бастаған. Осылайша марафонды өткізуге кедергі келтірді. Осыдан кейін олар ұсталып, сотқа жеткізілді. Сот шешімімен 15 тәулікке қамалды» деді 22 сәуірде Нұр-Сұлтанда журналистер сұрақтарына жауап берген министр.
«Ал олай болса, неге полицейлер «олар саяси лозунг көтерді деп айтты?» деген сұраққа Тұрғымбаев «саяси лозунг болмады» деп жауап берді.
Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі Мира Ритман Twitter-дегі парақшасында «Қазақстандағы батыс елдерінің елшіліктері бұл мәселеге назар аударатын шығар деп үміттенетінін» жеткізді.