Шри-Ланка полициясы «21 сәуірде бірнеше теракт ұйымдастырды» деген күдікпен басты күдіктілерді ұстады. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ұсталғандар - Мұхаммед Садик Абдул-Хак пен Мұхаммед Шахид Абдул-Хак - ағайынды, деп жазады Азаттық.
Полиция бірнеше жарылыс болған күні оларды қала ішінде тасыған көлік жүргізушісін де ұстаған. Сондай-ақ фургон тұрған үй иесі мен күдіктілер жасырынған аяқ киім дүкенінің иесі қамауға алынған.
Бірнеше теракт ұйымдастыру ісі бойынша ұсталғандар саны 100-ден асады. Олардың арасында Сирия мен Египеттен келген азаматтар да бар. БАҚ-тың жазуынша, үш күдікті үш күн бұрын полиция бөлімшесіне жасалған шабуыл кезінде қаза тапқан. Reuters агенттігінің дерегінше, олар «исламшылдарды дінсіздерге қарсы соғысқа шақырған» видеода болған.
Жексенбі, 21 сәуірде Шри-Ланканың түрлі аумағында сегіз жарылыс болған. Оның төртеуі - қонақ үйде, үшеуі - шіркеуде болды. 250-ге жуық азамат қаза тапты. Мәйіттердің кім екенін анықтау қиын болғандықтан, билік құрбандар санын әлі нақты хабарлаған жоқ. Жарылысты «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы мойнына алды.
БАҚ-тың жазуынша, батыс барлау қызметтері ықтимал шабуыл туралы Шри-Ланка билігіне ескерткен. The Telegraph газеті барлау қызметтерінде Азия мен Африканың шипажай аймақтарына жасалуы мүмкін жаңа терактілер туралы мәліметтер барын хабарлаған. Басылым дерегінше, шабуыл Үндістан, Кения, Мальдив аралдары мен Танзаниядағы демалыс аймақтарына жасалуы мүмкін. Бірақ бұл ақпарат ресми расталмаған.