$ 494.87  520.65  4.91

Қарағанды облысы ҚХА елбасының басты идеяларының бірін орынады

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің шығармашылықты дамыту орталығының мақсаты: көнеден келе жатқан халқымыздың мәдениеті мен дәстүрінің құндылықтары, патриоттық тәрбие және ұлттық өнерді жаңғырту мен насихаттау. Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, қазынасы-қолөнері болып табылған.Халық шеберлері ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген.

«Шабыт» көрме залында танымал және жас суретшілердің таңдаулы жұмыстары қойылса, шығармашылық шеберханасында табиғи жүнді пайдалану арқылы киіз басу сияқты күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жатқан дәстүрлі қолөнер үлгісінің жаңаша әдіс тәсілдерін үйрету, еңбексүйгіштікке, әсемдікке талпындырып, халқымыздың тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық қолөнер өзінің тарихы терең, мазмұны сан қилы ерекшеліктерімен болашақ жастарға рухани, эстетикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық тұрғыда әсер етіп,бұрынғы мен бүгінгіні салыстыра отырып ұлттық өнерді сүюге, құрметтеуге баулу қасиеттерін дамыта түсері сөзсіз.Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында ашылған аталмыш орталық атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық өнерді, мәдениетімізді, салт дәстүрімізді, рухани сән-салтанатымызды жандандырып, қазақ қолөнерінің ел арасына тамаша үлгілерімен еніп, келушілерге жаңаша меңгеруге талпындырып отыр.

Дәстүрлі ән мен күй кешегі ойшылдар мен сал-серілерден,шешен-билерден, ақын-жыраулардан мирас болып қалған құнды тәрбие құралы. Арқа өңірінде ежелден бері үзілмей келе жатқан сал-серілер мектебі 19 ғасырда қазақтың кең байтақ даласын жақұт жырларымен сусындатып, әсем әндерімен тербеген Ақан, Біржан, Жаяу Мұсалардан және одан кейінгі үкілі Ыбырай, Естай сынды дала дарындарынан жалғасып келеді. Бұл дәстүр біздің халқымыздың болмысына сіңіп қалған, енді ешқашан жоғалмайды. Мұның қазақ руханятында алар орны ерекше. Ежелден халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі ұлттық өнерді насихаттауға Достық үйіндегі «Арқа» айтыс мектебі мен «Күй керуен» орталығының ыңғайы мен мүмкіншіліктері мол. Бұлақ көрсең көзін аш демекші жас ақындардың талабын шыңдап жүрген айтыскер ақын, филолог-Айтбай Жұмағұл.

Шертпенің інжу-маржаны, тарихи тамыры сақталған дәстүрі мызғымаған Арқадан шыққан Тәттімбет,Аққыз,Әбікен сынды шертпе күйшілердің сара жолын жалғап келе жатқан Қайролла Сәдуақас-орталықта жастарға күйдің қыр-сырын үйретіп, халқымыздың маңдайына біткен киелі өнерін өшіріп алмай, келер ұрпаққа жеткізуде аянбай еңбек етіп жүр. Достық үйіндегі шығармашылықты дамыту орталығының ашылуы елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған идеяларын орындаудағы басты бастамалардың бірі.

Қазақ тілін ұлтымыздың ұлы құндылықтарын насихаттау арқылы үйрену және жетілдіру үшін Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасымен Достық үйінде ағымдағы жылдың 27 қаңтарында «Мәміле» сұхбат клубы ашылды.

Клубтың негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру. Тіл үйрету барысында белгілі тілші ғалым Қ.Тәсібековтың «Ситуативный казахский» әдістемелік құралы басшылыққа алынды. Аталмыш әдістеме ұлттық менталитеттің ерекшеліктері, тарихи фактілер, фольклорлық ұғымдар, қазақ халқының құндылықтар жүйесі арқылы тілді мейлінше жеңіл әрі жетік оқуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар клубтың әрбір отырысына елге белгілі қоғам қайраткерлерін, зиялы қауым өкілдерін шақыру әдемі дәстүрге айналды. Алғашқы кездесудің спикері ретінде полиглот, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мәміле-Тен» клубының ұйымдастырушысы В. Тен шақырылды. Сондай-ақ «Нәтиже» компаниясының басшысы Е.Әшім, SBTC тілдер мектебінің негізін қалаушы С.Зорин, белгілі қоғам қайраткері Б.Мұсабеков сынды тіл жанашырлары келіп қатысып, өз ойларын ортаға салды. Клубтың ашылған уақытынан бергі аз ғана уақыт ішінде танымалдылығы артып, аймақ тұрғындары арасында үлкен қызығушылық туғызуда.

Сондай ақ, мұнда қазыналы қарттарымыз кез келген уақытта бас қосып, пікір бөлісіп, бос уақыттарын пайдалы да мәнді өткізу үшін «Белсенді өмір» орталығы жұмыс істейді. Орталықта мәдени-рухани клубтар, мемлекеттік, ағылшын тілін оқыту сабақтары және компьютерлік сыныптары жұмыс істейді. Кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдары және бар. Қолөнермен шұғылданам деушілер аптаның кез-келген күнінде шеберлік сыныптарына қатысады. Сол арқылы қалада тұратын зейнет жасындағы азаматтардың уақыттарын тиімді өткізуі үшін жағдай жасау көзделген. Тіпті, психолог пен заңгер кеңесінің қызметі де ұсынылған. «Өз уақытын заман талабына сай тиімді өткізуі қарттар үшін ғана емес, ең алдымен келешек ұрпақ үшін маңызды. Үлкендеріміздің ұлық жасын қа-дірлеу баршамызға парыз. Еліміздің өркендеп - дамуына үлес қосқан әр саланың ардагерлері немесе зейнетке енді шыққан ардагерлеріміз үшін Достық үйінде ашылып отырған бұл орталыққа келушілердің саны көп болады деп ойлаймыз. Сондықтан да, дүние танымы терең ардақты аға-апаларымыз бен жас ұрпақ арасында байланыс орнап, қарияларымызға деген қамқорлығымызды арттыруға, олардың өмір сапасын жоғарылата түсуге бағытталып арнайы ашылған «Белсенді өмір» орталығының ашылуы ізгі бастама деп білемін», –  деген болатын орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген «Нұр Отан» Фракциясының мүшесі, депутат Альберт Рау өз сөзінде.

«Орталықтың ашылуы- өте маңызды оқиға. Мұнда келуші ересек адамдар сергек жүріп, өзін-өзі дамыта жүріп, қоғамдық пайдалы істерге қатысады. Бір уақыт қоғамға өзінің керек екенін сезініп, жаңашылдыққа үйренеді. Шығармашылығын дамытуға да үлкен мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, Достық үйі барлық этностардың жылы ұясы іспеттес қой. Міне, баршамыз басымызды қосып, жастармен де кездесіп, білгенімізді айтатын, тәлім мен тәрбие, үлгі мен өнеге ордасы деп айтар едім», – дейді Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Сәлима Нұрмағамбетова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары