Қосшы – Президент Қасым-Жомат Тоқаевтың тікелей араласуымен көп қабатты тұрғын үйдің ауыз суының мәселесі шешімін тапқан ауыл. Мұнда халық тығыз. Дамуы жағынан алдыңғы қатардан көрінетін Нұр-Сұлтан қаласына жақын орналасқан елді мекенге президенттің өзі ат басын бұрып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
Әдеттегі сенбі. Мектепке әкімшіліктен қонақтар келе жатыр деген ақапарат жетеді. Бұл күні 11-сынып оқушылары ұстаздарымен ҰБТ-ға дайындық жүргізу үстінде еді. Облыстан келген күтпеген қонақтарды қарсы алған мектеп ұжымы әбден тозығы жеткен оқу орнында қарсы алуға ұялғандарын айтады.
«Облыстан адамдар келеді деген хабар болды. Бірақ біздің емес №2 жаңа мектепке барады ғой деп алаңсыз отырған едік. Бір кезде Президент күзетіміз деп топырлап кісілер кіріп келгенде сасқалақтап қалғанымыз рас. Ең алдымен мектебіміздің ескі жағдайынан қысылдық. Ескертілмеді. Дайындық болған жоқ», – дейді сол күнді есіне алып, ерекше сәттің куәгері болған мектеп директоры Гүлнара Рамазанова.
Бұл Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 мектеп. Білім ордасының жағдайы расында сын көтермейді. Қабырғалары қақырап, едені сықырлаған білім ошағының әбден тозығы жеткен. 1964 жылы қолданысқа берілген мектеп 436 балаға арналған. Бірақ бүгінгі күні мұнда үш ауысыммен 1629 оқушы білім алады.
«Оқушылармен тақта алдында есеп шығарып, емтиханға дайындық жүргізіп тұр едік. Бірнеше кісі күтпеген жерден кіріп келді. Арасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да бар екен. Балалар лауазымды кісілердің алдында өздерін бір қалыпты ұстады. Қойған сауалдарына байсалдылықпен жауап берді. Өз баласындай көріп, жанашырлық танытқан президент сондай қарапайым кісі екен», – дейді 11- «А» сыныбының жетекшісі Сейдахметова Зайра.
«Естен кетпес ерекше күн болды. Алған әсерім мен қуанышымды қарапайым сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Президент өте қарапайым, білімді, жақынымыздай өте жылы азамат екен. Бізге тілегін айтып, алдағы сынақтарға сәттілік тіледі. Ол кісінің тура біздің мектеп бітірер кезімізде келгенін жақсылыққа ырымдап отырмыз». Бұл әскери сала маманы болуды мақсат еткен Дамирдың ойы.
«Президентпен кездескеннен кейін таңдаған мамандықтан адаспаймыз ба? Сол саланың білікті маманы болып, ел дамуына үлес қоса аламыз ба деп жиі ойланатын болдық. Бұл кездесу елжандылығымызды арттырғандай болды. Алдымызға қойған мақсатымыз айқындала түскендей», – тіл маманы немесе журналистика саласының білікті маманы болуды көздеп отырған Айдана. Ол алдағы уақытта оқушылардың икемділігі анықтап, талабын шыңдай түсер арнайы курстар, мамандармен кездесу ұйымдастырылса дейді. Айдана осылайша мамандық таңдауда адасқандар қатары азаятын еді дегенді алға тартады.
Мемлекет басшысымен кездескен оқушылар ол күнді ерекше естелікке толы күн деп жиі еске алады. Президентпен түскен суреттерін зор мақтанышпен әлеуметтік желілерге жүктеп, сәттілігіміздің бой тұмары деп қарайды.
Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың табаны тиіп, есімі берілген мектепте 110 мұғалім білім береді. Олардың 50 пайызы жоғары санатты ұстаздар.
«Біздің мектептің білікті ұстаздардан тәлім алған оқушыларымыз Дәуренбек Сәрсенбеков ауған соғысының ардагері, Дәурен Егембердиев, Алмас Апаконов министрлік қызметкерлері, Парасат Досмағамбетов Қосшы ауылы әкімінің орынбасары, Маргарита Маир мен Екатерина Маир Гурманияның білікті дәрігерлері, Валера Домовалов, Асыл Мыңжасаров, Александр Антонюк белгілі кәсіпкерлер, Гүлден Карагизова тарих ғылымдарының кандидаты болып қызмет атқарады. Бұл мектептен түлеп ұшқан оқушылардың тек бір бөлігі ғана. Ел дамуына өлшеусіз қосып жатқандарын біз әрдайым мақтанышпен айтып отырамыз», – дейді талай баланың зейінін ашқан геолог-географ Галина Яковлева. Ұстазы жақсының ұстанымының берік болатынының бұл айқын дәлелі.
Мектеп жағдайымен танысқан Президент Қасым-Жомар Тоқаев алдағы уақытта ауыл балаларына 1200 оқушыға арналған соңғы үлгідегі мектеп салынатынын айтты. Тұрақтылық, парасат-пайымы биік мемлекет басшысымен кездескен оқушылар көп уақыт өтпей арман еткен жаңа білім ордасында ізінен ерген іні-қарындастарының білім алатынын зор мақтанышпен айтып жүр. Болашақ бүгіннен басталады.
Гүлназ БИСЕН