$ 447.4  477.55  4.76

Түркістан сапарынан кейін президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр (ФОТО)

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістан қаласынан бастады. Ол 23 наурызда Түркістанға келіп, Қ.А. Яссауи кесенесіне барды. Қаладағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың, тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Сол сапарында Түркістан қаласын жаңартып-жаңғыртуды, инфрақұрылымын дамытып, туристік саласын жандардырып, өндірісін өркендетуді тапсырған болатын. Содан бері 1 айдан астам уақыт өтті. Осы бағытта Түркістан қаласында қандай шаруалар атқарылып жатқанын арнайы тілшіміз көріп қайтты.

Қазір Түркістан қаласына келушінің бәрі дерлік Шымкент арқылы барады. Шымкенттен шығып, Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолымен жүріп, Түркістанға жетеді. Түркістан қақпасы көрінген сәттен-ақ, жолдың оң жақ бетіндегі жазықта қарқынды құрылыс жүріп жатқанын көреді. Түркістанның жаңа бөлігі, әкімшілік-іскерлік аумақ түсетін орын осы.

Бұған тоқтамай, келген жолымен тіке қаланың ішіне кіріп, Бекзат Саттарханов даңғылымен жүре отырып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тіреледі. Түркістанның көне тарихи бөлігі осы. Мұндағы өркениеттің талбесігі. Түркістандағы тіршіліктің бастауы.

Қазір Түркістандағы құрылыс, жаңғыру да жасару да осы екі аумақта жүріп жатыр. Қаланың көне тарихи бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек, тарихи әрі туристік мәндегі нысандар салынып жатыр. Ал қаланың кіреберісіндегі әкімшілік-іскерлік аумаққа жаңа Түркістан түседі.

Алғаш барып, түскеніміз де сол Түркістанның тарихи бөлігі болды. Қазір мұнда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болуы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен тарихи орындарды зерттеу, қайта жаңарту және қалпына келтіруге арналған жобасына сәйкес серпінді жұмыс жүріп жатыр. Соның негізгілерінің бірі – Күлтөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары.

«Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасын жүзеге асыру биыл басталып, 2021 жылға дейін жалғасады.

Жыл басында Қоқан хандығы кезеңіне тән ХІХ ғасыр құрылыстары аршылса, көктемде ерте кезеңдердің жәдігерлерінің көптеп табылған. Осы сәуірде Түргеш қағанаты дәуірінің тиыны мен ІХ ғасыр дирхемі табылыпты. Ахмет Яссауи өмір сүрген дәуірге дейін жасалатын анықтау жұмыстарынан күтетін нәтиже көп. Күлтөбе туристер үшін ашық аспан астындағы экспозициялық және археологиялық нысан ретінде қызмет атқарады.

Сонымен, «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасының не екенін және оның неден тұратынын осындағы археологиялық топтың жетекшісі Серік Ақылбек айтып берді.

«Бұл Күлтөбе қалажұрты – көне Яссы қаласының орны. Түркістанның ең көне бөлігі. Бұған дейін Қ. А. Яссауи кесенесінің тасасында қалып келген. Қоқыс орнына айналған. Қазір ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен бұл жер Түркістан қаласының даму жоспарына қосылды. Мұнда ашық аспан асты археологиялық парк салу көзделіп отыр. Үш жылға жоспарланған. Қазіргі археологиялық қазба жұмыстары Күлтөбеде және төңірегінде жүргізілуде. Жалпы аумағы 27 гектар. Биыл соның 9 гектарын зерттейміз. Ең алдымен қоқыстан тазарту, сосын қаланың түрлі тарихи кезеңдердегі даму кезеңдерін көрсету мақсатында қазба жұмыстарын жүргіземіз» , –  деген ол Түркістанның қандай тарихи кезеңдерден тұратынын әңгімеледі.

«Мынау қаланың орталық бөлігінде б.з.д. I ғасырдан б.д. III ғасырына дейін өмір сүрген төртбұрышты аша түріндегі көне ғимарат қазылған. Қазақстандағы қазіргі таңдағы ең көне ғимарат та осы. Бірінші кезекте сол ғимарат сыртындағы қамал-қорғандарымен бірге экспозицияланып, одан кейін оның сыртында мына түркі заманынан, түркі қағанаттары тұсындағы кезеңді көрсетеміз. Ол VI-X ғасырларға жатады. Кейін Қарахандар тұсындағы, Қожа Ахмет Яссауидің өмір сүрген кезеңі, сол кезеңдердегі ғимараттарды ашып, көрсетеміз. Ал енді ең соңғысы Қазақ хандығы тұсындағы қаланың бір бөлшегін көрсету. Қазір біз Түркі заманындағы деңгейге келіп жеттік», – дейді ол.

Археологиялық топтың дәл қазір Қоқан дәуірі деңгейін ашып, содан төменгі қаттағы Түркі қағанатына түсіп жатыр.

«Бұл қаланың өзі XIII ғасырға дейін Яссы деген қала болған. Моңғол шапқыншылығынан кейін қала қазіргі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жақ бетке көшкен. XIV ғасырда Ескі Түркістан жаққа көшкен. XVI ғасырда Яссы атауы ұмытылып, Түркістан атауына ие болған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің оңтүстік-батыс жағында сол қала – Қазақ хандығының Астанасы әрі рухани астанасы болған. Ал мына Күлтөбе қалашығы жанындағы Яссы қаласының тіршілігі XIII ғасырда тоқтап қалған. Уақыт өте келе төбеге айналып, мазарат болған. XIX ғасырда үй түсе бастады. Бұл жердің ең төменгі қабаты б.з.д I ғасырларға тура келеді. Қала негізі сол кезде қаланды. Қаланың әр бөлігі әртүрлі деңгейде. Мына біз қазып жатқан жеріміз, ол – V ғасырдан бастап игеріле бастады», – дейді археолог.

Оның сөзінше Күлтөбе қалашығы маңындағы қазба жұмыстары 2021 жылдың соңында аяқталады. Барлығы аршылғаннан кейін консервация жұмыстары жүреді, сақтау мен қорғауға алынады. Археологиялық парк ашылады.

Археолог бір сөзінде, қазір қазба жұмыстары жүріп жатқан Яссы қаласының жанынан кірпіш күйдіретін ошақ орны табылғанын айтып қалды. Бұл пештерді X-XV ғасырларда пайдаланған.

«Біздің болжамымыз – Яссауи кесенесін салуға қолданған қыштың біразын сол пеште күйдірген. Мұндай кесенеге кірпіш жеткізу үшін жүздеген пеш болуы керек. Сондай пештің біреуі осы болса, тағы басқа пештер Қарашықтан да шықты. Күлтөбенің маңынан да шығып жатыр. Кесенені Ираннан әкелінген тұтқындар салғанын, олар қажет қыш пен әрлеуішті Самарқаннан жеткізгенін айтады. Бірақ, бұл – қате пікір. Біз мұны дәлелдедік. Кесенеге қажетті сырлы кірпішті де басқа қажет әрлеуіштерді де осында дайындаған», – дейді ол. 

Түркістанның өткенін жаңғыртуға бағытталған кешенді жоспардың бір бөлігі осы.

Бұған қоса, Түркістанның тарихи бөлігінде рухани-мәдени орталық түседі. Қазір осында 9 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Қ. А. Яссауи мұражайы, музыкалық фантан, қабылдау орталығы, шығыс моншасы, амфитеатр, әмбебап кітапхана, неке сарайы, сауда орталығы және Ұлы дала елі орталығы түседі. Бұдан бөлек Президент саябағы мен Назарбаев даңғылының (Арбат) құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Биыл шығыс моншасы, амфитеатр, музыкалық су бұрқақ және қабылдау орталығы пайдалануға беріледі екен.

Ал енді жаңа Түркістан түсетін әкімшілік-іскерлік аумаққа ойыссақ. Мұнда да құрылыс жұмыстары аса қарқынды жүріп жатыр.

Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Түркістандағы 29 нысанның құрылысы өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне бекітілген. Әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан салынып жатыр екен.

«Атап айтқанда, облыс әкімдігінің ғимараты, басқармалар ғимараты, департаменттер ғимараты, конгресс орталығы, медиа орталығы, оқушылар сарайы, стадион, Астана алаңы, халыққа қызмет көрсету орталығы, қалалық саябақ, музыкалық мектебі, жабық бассейні бар спорт кешені, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, туризм бағытындағы колледжі, тұрғын үй кешендері мен Қазпошта ғимараты болады. Соның ішінде 2019 жылы облыс әкімдігі, Астана алаңы, медиа орталығы, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектебі және Халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға беріледі», – дейді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар мұнда қазір барлығы 52 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Онда барлығы 2351 пәтер болады. Өмірзақ Шөкеевтың сөзінше, оның тең жартысы маусымда пайдалануға беріледі. Қалғаны тамызда және желтоқсанда иесін табады.

Бір айта кетерлігі, мұндағы құрылыс жұмыстарының барлығына жергілікті жұмысшылар тартылып жатыр. Осылайша Мемлекет басшысының жұмыс орындарын ашу тапсырмасы да орындалуда. Дәлірегі, Түркістан қаласында құрылыс қарқынының жоғары болуы арқасында қазіргі таңда 400-ден аса техника және 3500 ден аса адам жұмыс істеуде. Жаз мезгілінде қосымша 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар екен.

Жомарт ИСА

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары