Қарағанды облысында Қазақстан халқының бірлігі күні тек мерекелік шерулермен ғана шектеліп қоймайды. Бірнеше көп балалы отбасылар үшін бұл күн ерекше есте қалатындай болды. Себебі 1 мамыр күні олар қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды облыстық баспасөз қызметі.
Бүгін облыс бойынша 27 отбасына пәтерлер берілді. Қарағандыда жаңа «Үш жапырақ» тұрғын үй кешеніне алғашқы болып 10 көпбалалы отбасы қоныстанды. Оларға жаңа пәтерлерінің кілттерін облыс әкімі Ерлан Қошанов табыс етті.
- Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ең мейірімді және жарқын мерекелердің бірі. Осындай күні еліміздің ең басты байлығы - бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан біздің халқымыз екенін айтқым келеді. Елбасының арқасында елімізде ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісі, сенім, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің ерекше ахуалы қалыптасты. Бұл біздің күшіміз, - деді аймақ басшысы. - Бүгін біз тағы бір қуанышты себеппен жиналып отырмыз. Арамызда қазір бізбен бірге көп балалы отбасылар тұр, олар Қарағандының жаңа орталығының 24 қабатты жайлы тұрғын үй кешенінің алғашқы тұрғындары болады.
Облыс әкімі сонымен қатар бұл кілттердің «жаңа өмірдің, игіліктің және бақыттың нышаны» болуына тілектестігін білдірді.
Ерлан Қошанов осы күні облыс бойынша бірнеше көп балалы отбасылар жаңа пәтерлерге ие болатынын атап өтті. Кілттер Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск, Приозерск, Қаражал, Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарында табыс етілді.
Мамыр айының соңына дейін 130-дан астам көп балалы отбасы баспанаға ие болады, деп хабарлады өңір басшысы. Жыл соңына дейін облыста 560 көп балалы отбасы баспанамен қамтылады.
- Мен өте қуаныштымын. Осы күнді 19 жыл күттік, міне бүгін, осындай жарқын мерекеде облыс әкімінің қолынан пәтер кілттерін алып отырмыз. Менің алты балам бар, бүгінгі күнге дейін пәтер жалдап тұрдық, біраз қиналдық. Бірақ енді бізде бәрі жақсы болады. Осындай сыйлық үшін барлығыңызға рахмет. Мереке құтты болсын! Бұл күн біз үшін ерекше күн болмақ, - деді көпбалалы ана Айгүл Әбішева.
Қарағанды тұрғыны Лаура Хасенова көпбалалы аналар атынан Елбасына халыққа қамқорлық жасағаны үшін, елдегі бейбітшілік пен келісім үшін алғысын айтты.
Облыс қалалары мен аудандарында осы бір жарқын мереке бүгін кеңінен атап өтілуде. Саябақтар мен алаңдарда қойылымдар мен концерттер, түрлі ұлттардың дәстүрлі тағамдарының сайысы өтеді.