$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда наразылыққа шыққан екі азаматқа сот 50 мың теңгеден айыппұл салды

Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты 1 мамырда қалада наразылыққа шыққан азаматтар арасында болған Тұрсынкүл Жоланова және Құрбанбек Шоланұлына 20 АЕК (шамамен 50 500 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Екі азаматқа «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-бөлім) деген айып тағылған. Қазір әкімшілік сотта өзге де ұсталған азаматтарға байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот дәлізінде отырған Құдайғашүкір Ғабдуллаев есімді азамат Азаттық тілшісіне өзін он күнге қамағанын, Лобачевскийдегі тергеу изоляторына сәлден соң өзін алып кететінін айтқан. Айтуынша, оған да «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып таққан. Бірақ ол істі қараған судьяның аты-жөнін есіне түсіре алмады.

Әзірге Азаттық тілшісі әкімшілік жазаға тартылған азаматтарға байланысты соттан ақпарат ала алмады. Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов «қолында әзірге толық ақпараты жоғын» айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президент емес!», «Дариға спикер емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

2 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік соты «құқық қорғау орган өкіліне бағынбады» деп айыпталған екі азамат Алтынбек Орынтайұлы және Әлімжан Ізбасаровты бес күнге қамаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары