Нұр-Сұлтанда Пирамида маңайында велосипед теуіп жүрген бала ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Бақытына орай, сол маңайдан өтіп бара жатқан жүргінші оны аман алып қалды. Бұл туралы SN.kz сайтының тілшісі "Евразия бірінші арнасының" ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Тәуелсіздік пен келісім сарайы маңайында болған. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Еркебұлан Жайлау кешкілік уақытта үйінен мектепке қарай бағыт алады. Кенеттен көмекке шақырған әйелдің дауысын естиді. Ол дереу дауыс шыққан орынға келеді.
Ауызы жартылай ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен баланы мұғалім сыртқа алып шығарады. Құтқарылған алты жасар ойын баласын Еркебұлан анасына тапсырды. Ол өз әрекетін ерлікке баламайды. Бұл кез-келген азаматтың міндеті деп біледі.
Беті ашық қалған кәріз құдығы туралы баланың анасы ешқайша арызданбағандықтан, бұл жайтты әкімшіліктегілер тек әлеуметтік желі арқылы білген.
«Жергілікті тұрғыннан қандайда бір шағым түсіп, оның адам өміріне қауіпті екендігі расталғанда ғана біз жауапты мекемеге жағдайды реттеуге тапсырма бере аламыз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.