$ 494.87  520.65  4.91

Бақыт Сұлтанов наразылыққа шыққан аналарды қабылдады

Үкімет үйінің жанына жиналған 70-ке жуық әйел Мемлекет басшысымен кездесуді талап етті. Олардың басты бұйымтайлары баспанамен қамтамасыз ету.
Фото: Elorda.info.kz
Фото: Elorda.info.kz

Нұр-Сұлтанда қала әкімі Бақыт Сұлтанов және ҚР Халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аталған министрлікте көпбалалы аналарды қабылдады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Үкімет үйінің жанына жиналған 70-ке жуық әйел Мемлекет басшысымен кездесуді талап етті. Олардың басты бұйымтайлары баспанамен қамтамасыз ету.

Атап айтқанда, көпбалалы аналар тұрғын үй сатып алу кезіндегі 10 пайыздық алғашқы жарнаны алып тастау, 2% құрайтын жылдық ипотеканы жою және пәтерді жалдамалы түрде емес, бірден жекешелендіру мүмкіндігін беруді сұрады. 

Аналардың өтінішіне келсек, оларға бұған дейін де жылдам баспаналы болу мүмкіндігі қарастырылған «Баспана» бағдарламасының мән-жайы толық түсіндірілген болатын. 

Сондай-ақ, қала әкімі Бақыт Сұлтанов елордадағы тұрғын үй мәселесіне қатысты түсініктеме берді. 

«Биыл кезекте тұрған астаналықтарға 900 пәтердің кілті табыс етілетін болады (өткен жылы 182 пәтер). Жыл санап берілетін пәтерлердің санын арттыруға тырысамыз. Дегенмен менің де қала басшысы ретінде заңмен шектелетін құқықтарым мен міндеттерім бар. Бәріміз бір заңға бағынамыз. Сонымен қатар, баспана сұрағын шешу мақсатында демеушілерді іздеп, жұмыс істеудеміз», - деді Б.Сұлтанов. 

Тағы бір айта кететін жайт, жиналған әйелдердің көбісі бұған дейін әкім мен министрдің жеке қабылдауында болған. Және олар үшін әкімдік пен министрлік тарапынан көрсетілетін қолдау мен мүмкіндіктердің барлығы арнайы кездесу өткізіліп, түсіндірілген болатын. 

Айта кетсек, биыл қала әкімдігі көпбалалы аналарды қолдауға арналған 13 әлеуметтік шараны әзірледі. Оның ішінде аталған әлеуметтік топ өкілдеріне коммуналдық қызметтің бағасын төмендетуден бастап, көпбалалы отбасылардың балаларына, оның ішінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі.

Сондай-ақ, 1-11-сыныптарда оқитын көпбалалы отбасылардың балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Осы санаттағы 32 мың балаға 971 млн теңге бөлінеді. 

Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар үшін арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады (10 мың балаға 500 млн теңге бөлінеді). Және осы санаттағы отбасы балалары мектеп формасымен және қажетті оқу құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі (32 мың балаға 638 млн теңге бөлінеді).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары