$ 448.15  483.46  4.86

Достық үйінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын өтті

Одан әрі бағдарлама бойынша қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Долинка кентіндегі мұражайға барды.

30 мамыр күні Қарағанды қаласының Достық үйінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қарағанды облысының ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, ҚХА кафедраларының оқытушылары, өңірлік ЖОО ғалымдары мен сарапшылары, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, жас ғалымдар - мектеп оқушылары қатысты.

Қатысушылар тарихи сана-сезімді дамытуға, азаматтық бірегейлікті, қоғамдық келісімді және Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін нығайтуға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасының маңыздылығын талқылады. Тарихшылар өз баяндамаларында Қазақстан тарихындағы ең ауыр, әрі қайғылы кезең туралы тың деректер келтіріп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған «Алаш» қайраткерлеріне арнап жарияланған ғылыми еңбектер туралы да айта кетті. Өткен ғасырдың 30-50 жылдары Қазақстан Кеңес Одағының әр бұрышынан жер аударылған түрлі этнос өкілдерінің ортақ үйіне айналды. Күштеп қоныс аудару бірнеше кезеңде өтті. Қиын қыстау жылдары Қазақстанға жарты миллионға жуық адам жаппай жер аударылып, Республиканың 12 өңіріне қоныстанды. Сол кезеңде жер аударылып, ортақ Отанымызға табан тіреген түрлі этностар қазір Қазақстанның біртұтас халқын құрайды. Сол зұлматты жылдардың тікелей куәгерлері ұрпақтарының айтқан әңгімелері жиылған жұртты толқытпай қоймады.

«Бұл күн миллиондаған жазықсыз сотталғандар мен ату жазасына кесілген құрбандарды қайғыра еске алып, асқан ерліктерін жас ұрпаққа мақтана жеткізетін күн. Біз бүгін аштық құрбандары мен қарапайым қара халыққа жасалған қатыгездіктер жайлы сөз қозғаймыз. Не үшін? Ұрпағымыз өз тарихын ұмытпай, тәуелсіздіктің бағасын білуі үшін. Сол бір қорқынышқа толы жылдардан бері 82 жыл өтті, бірақ олар жайлы естеліктер әлі тірі",- Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Археология, этнология және Отан тарихы» кафедрасының доценті, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсембекова. Тарихи маңызы зор шараға «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, ғалым, алғашқы қазақ профессоры, математик Әлімхан Ермековтің немересі -Олег Ермеков арнайы келді. Ол тағдырдың талай сынынан сүрінбей өтіп, бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған атасы - аңыз адам туралы әңгіме, естеліктерімен бөлісті. "Контрреволюциялық қызметте" жалған айыптаулар бойынша ол алдымен екі жыл ішкі істер халық комиссариатының ішкі түрмесінде тергеуде болып, содан кейін 1938 жылы, ұзақ лагерлік қамаққа алынған. Заң білгірі ретінде қамаудың өзінде тұтқындалғандарға кешірім жасау, жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішті сауатты жазуға көмектескен. Әлімхан Ермеков-жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті педагогтың жарқын үлгісі саналады.

«Барлық қазақстандықтар үшін бұл тарихи күн. Саяси қуғын сүргін жылдары зардап шеккен әрбір жазықсыз тұлғаның есімін ел есінен ұмыт қалдырмай, отанымыздағы бейбітшілік пен келісімді бағалау – біздің ортақ парызымыз. Сонымен қатар біз тарихтың басқа да қырын есте сақтауымыз керек. Сондай ел басына күн туған ауыр кезеңде қазақ халқының қонақжайлылығының арқасында жер аударылғандардың барлығы жаңа отандарына ие болды. Бүгінде біз олардың ұрпақтарымен бірге мықты да, тәуелсіз Қазақстанды құрудамыз», - дейді Қарағанды облысының ҚХА мүшесі, облыстық «Спадчына» белорус мәдениеті қорының өкілі Нина Мисоченко.

Елімізде жыл сайын 31 мамыр күні халық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Бұл маңызды күн Тұңғыш Президенттің 1997 жылғы 5 сәуірдегі бұйрығына сәйкес жылда мемлекеттік көлемде атап өтіледі. Тарихшылардың мәліметі бойынша, сталиндік қуғын - сүргін кезінде 118 Социалистік Қазақстан азаматы сотталып, 25 мың адам өлім жазасына кесілді, олардың басым бөлігі - Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ зиялылары, ғылым, мәдениет, саясат қайраткерлері еді. Ел тарихындағы қиын қыстау жылдарда халқымыз тума таланттар мен білімді патриоттарынан айрылды. Сонымен қатар, шара аясында өлкетанушы Ю.Г.Поповтың «Каркаралинское «Красное колесо» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап жайлы заң ғылымдарының кандидаты, Болашақ академиясының бірінші проректоры Гүлнар Рысмағамбетова таныстырып, бұған дейін қала мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген «Алғысым саған, Қазақстан!» атты шығарма байқауының жеңімпаздары да марапатталды.

Одан әрі бағдарлама бойынша қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Долинка кентіндегі мұражайға барды. Ал, Станиславский театрында атаулы күнге орай А. С. Грибоедов атындағы Тбилиси мемлекеттік академиялық орыс театрының «А. Л. Ж. И. Р» әйелдер лагерінің тұтқындары туралы деректі драмасы ұсынылды. Трагедиялық әңгіме негізіне сол ауыр кезеңдердегі хаттамалар, хаттар, фотосуреттер мен куәгерлердің естеліктері сынды шынайы деректер қолданылған. Бұл Сталиндік зұлмат дәуір тарихының қорқынышты хроникасы. Спектакльде «халық жауы» атанған тұтқындар мен жер аударылғандардың, ату жазасына кесілген тұлғалардың әйелдері басынан кешкен ауыр тағдыр жайлы баяндалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Қарағанды