$ 449.58  486.94  4.86

Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.

Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді. Осы орайда Қарағанды облысындағы Спасск мемориалдық кешенінде  Митинг-реквием өтті.

Спасск кентінде 1930-1950 жылдары КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының бөлімшелері, сондай-ақ әскери тұтқындарға және қамауға алынғандарға, сондай-ақ КСРО қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарына арналған лагерь орналасқан. Мұрағат мәліметтері бойынша, Спасск зиратында 5000-нан астам адам 50-ден астам ұлт өкілдері жерленген.

Митингке қатысушылар тоталитаризм жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған адамдарды, тарихымыздағы ең қайғылы кезеңді еске алу үшін жиналды. Қарағанды жерінде тоталитарлық жүйенің жарқын нышанына айналған Карлаг ғана емес, сонымен қатар басқа да лагерлер болды.

Митингке Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Украина, Чехия, Корея және Румынияның Төтенше және Өкілетті елшілері, сондай-ақ Қырғызстан, Франция, Иран және Жапония елшіліктерінің өкілдері қатысты. 

Митингке облыстың бас имамы, Қарағанды және Шахтинск епархиясының хатшысы, грек-католик епархиясының бас викарийі қатысты. Дін қызметкерлері сталиндік қуғын-сүргін кезінде қаза тапқан адамдардың рухына дұға етті. 

Шара соңында мемориалдық кешен ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. 

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары