Шымкентте 4 жақынын жерге тапсырған Дауылбаевтар отбасы кінәлі жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Себебі, жақындарынын өліміне кінәлі Лексустың жүргізушісі Мұрат Танкеев полиция мен прокуратурадағы жоғары шенді ағаларының атын атап, ешқандай жазаға тартылмайтынын айтыпты деп хабарлайды КТК арнасы.
«Әкесі бай екен, бизнесмен деді. Әкесінің інісі сол ІІД бір криминалистика бөлімінің бастығы екен. Сол үшін әпкемнің көзіне боқтаған не істесең оны істе деп. Қайда барсаң сонда бар. Соттасаң сотта маған дауа жоқ деді. Ештеңе істей алмайсың. Қолыңнан ештеңе келмейді деп айтты», – дейді марқұмдардың туысы Айжан Әпсалямова.
Мұрат Танкеевті сол күні қамауға алған полицейлердің өзі оның ішкі істер департаментіндегі туыстары туралы жақ ашпайды. Қазір тек 1 бап бойынша тергеу жүріп жатыр екен.
«Лексус автокөлігінің жүргізушісі сараптама қортындысы бойынша спирттік ішімдік ішіп рульге отырған. Қазіргі таңда Лексус жүргізушісі қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол жол ережесін өрескел бұзу», – дейді ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Ресми түрде еш жерде жұмыс істемесе де қымбат Лексусті тізгіндеген Мұрат Танкеевтің туыстары марқұмдардың жақындарына келіп кешірім де сұрапты. Тек 4 бірдей азаматынан айрылған Дауылбаевтар кешірмек түгілі барынша қатаң жазаға тартылмаса бай баласының сазайын өзіміз береміз деп бекініп отыр.
Еске сала кетсек, Шымкентте ішімдікке тойып алған бай баласы 4 адамды ажал құштырды. Қымбат джип мінген ол жылдамдықты асырғанымен қоймай, қарсы бағытпен жүріп басқа жеңіл машинамен бетпе-бет соқтығысқан. Көлік ішіндегі бір үйдің төрт адамы түгел көз жұмды. Екеуі 1 және 5 жастағы бүлдіршіндер.