ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан наразылыққа шыққан көпшілікке қатысты пікірін айтты. Назарбаев дәуірі өтті деген ол халықты сабырға шақырды.
«Әрине қыжыл бар. Несиесін жаба алмай жатқан елдер бар. Үйін-күйін, жағдайын жасап жатқысы кеп жатқан елдер бар. Бірақ бұл Әблязовтің айтағымен шешілмейді.
Ана жерде тұрған полицелер де біздің бауырларымыз көзі жәутеңдеп тұрған. Ал алаңда эмоцияға беріліп жатқан менің ұлдарым мен қыздарым. Бұл өте қиын қасірет.
Тоқаев айтты ғой «старые проблемы, новые решения». Мұрсат берейік. Жаңа дәуірге өттік. Назарбаев дәуірі өтті. Өзінің тиесілі шаруасын бітірді. Астанасын салды. Бүкіл әлемге танытты. Бірақ Қазақстан сияқты елге сыртпен қарым-қатынас жасайтын дипломат керек екенін біліп отырсыздар», – деді Бекболат Тілеухан.
9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтті. Осы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық өтіп, полиция жүздеген адамды ұстады.
10 маусымда орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының нәтижесін жариялады. ОСК дерегінше, «Нұр Отан» кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан артық дауыс жинаған.