Шымкенттік Қуандық Серікбаев өзі мен алты баласын тастап кеткен жан жарына іздеу салады. Айтуынша, былтыр Алматыға жұмысқа кеткен жұбайы сол кеткеннен үйіне қайта оралмаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ер адамның денсаулығы сыр бергендіктен, әйелінің үйден кетіп қалғанын, оның туыстары баяндап берді.
Айтуларынша Жанар есімді жеңгелері күні бүгінге дейін алты баласымен де араласпайды екен.
«Кішкентай кезінде ағамыз есектен құлап, қолын сындырып алған. Қолы қисық, денсаулығында да ақаулар бар. Асқазанда жарасы бар. Оның үстіне кезінде оқи алмаған.
Тіпті сағаттың да қанша болғанын білмейді. Ағамыз өте жуас адам, ұру былай тұрсын, өзі зорға жүрген адам.
Жұмыста жоқ, баласының жәрдемақысына күн көреді, жұмысқа жарамайды, өзі жақында ғана есінен танып, ауруханаға жатып шықты. Тамақ пен балаларды асырауға біз көмектесіп тұрамыз. Жағдайы нашар, асқазанында жарасы бар. Мүгедектікке құжатты енді алайын деп жүрміз», - дейді ер адамның туыстары.
Алматыға жұмыс іздеп кетіп, кейін үйіне оралмаған жеңгелері Жанар Серікбаеваның әрекетін туыстары еш түсінбейміз дейді.
«Былтыр сәуір айында Алматыға жұмыс істеймін деп кеткен, сол кеткеннен оралмады. Арасында үш-төрт айда бір үлкен қызынан хал білісіп тұрған екен. Кейін әлеуметтік желіде де жазбайтын болған, сөйтіп хабарсыз кетті.
Бір баласы мүгедек, соған жәрдемақы алады. Сол баласының картасын алып кетіп қалған.
Сөйтіп жәрдемақыны өзі алып жүр қазір. Халық көріп жатса, мүмкін табуға көмектесер. Бір жылдан астам уақыт бойы баласына қарамай кеткен не сұмдық?», - дейді хабарсыз кеткен келіншектің қайын жұрты.
Жанар Серікбаева жайлы кімде-кім ақпарат білсе, келесі телефон номеріне қоңырау шалуларыңызды сұраймыз: 8 702 503 90 65